Жаһандық қауіп-қатерлерге төтеп беру жолдары Астанада талқыланады. Мамырдың 17-сі мен 19-ы аралығында елордада әлемдік деңгейдегі экономикалық форум өтеді. Биыл ол қайта түрленіп, Global Challenges Summit деп аталып отыр. Бұл трансформация жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы тұру мүмкіндіктері туралы халықаралық пікірталас алаңындағы Қазақстанның беделін айқындайды, дейді сарапшылар. Форумда экономикалық даму, ресурстарды сақтау, цифрландыру және урбанизация, қаржылық революция және жаһандық қауіпсіздік сияқты өзекті тақырыптар талқыға салынады.

БУЛАТ СТОЛЯРОВ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

- Меніңше, бұл ЕХРО-2017 көрмесінің жетістіктерінің бірі. Қазақстан бүгінде маңызды мәселелер талқыға салынатын жаһандық алаңға айналып отыр. Және де біз осы жетістікті нығайта түсуге мүдделіміз. Бүгінде қандай да бір мемлекет бей-жай қарай алатын мәселе жоқ. Форумды өткізе отырып осындай ой тастау көзделген.

Форумға шақырылған спикерлер тізімі халықаралық жиынның беделін арттыра түседі. Биыл АЭФ-ті «жүз жұлдыз» форумы деп атауға болады, дейді ұйымдастырушылар. Астанаға жоғары деңгейдегі саясаткерлер, белгілі ғалымдар, экономистер, ірі корпорациялардың негізін қалаушылар, қысқаша айтқанда, ғылыми және іскер ортаның серкелері жиылып, өзекті мәселелер бойынша ой бөліседі.

ОРАЗҒАЛИ СЕЛТЕЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЭСИ САРАПШЫСЫ:

- Астаналық форум өткен 10 жылдың ішінде әлемдік сарапшылар және саяси қайраткерлер мен экономистердің ортасында беделді алаң ретінде танылды. Елордадағы басқосуға жыл сайын әлемнің 100-ден аса елінен 7 мыңға тарта делегат келеді.   Форумға экономика бойынша Нобель сыйлығы лауреаттарының қатысуы дәстүрге айналған.

Форум өткізілген 10 жыл ішінде оған дүниежүзінің 150 мемлекетінен 50 мыңға жуық делегат қатысқан. Соның 20-дан астамы Нобель лауреаттары болса, 30-ы – жоғары деңгейдегі шетелдік саясаткерлер. Форум аясында жалпы сомасы 20 млрд доллардан асатын 300-ге тарта меморандумдар мен келісімдерге қол қойылған. Осы жолы да АЭФ жаһандық даму бағытындағы стратегиялық шешімдер ұсынылатын алаңға айналары анық.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер