Қазақстан мен Франция саяси және экономикалық әріптестікті нығайтуда. Өткен жылы екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымы 3 млрд доллардан асты. 2016 жылы бұл көрсеткіш 2,5 млрд доллар шамасында болған. Қазақстан былтыр Францияға 3 млрд долларға жуық соманың тауарын экспорттады. Ал Франция болса, еліміздің экономикасына 14 млрд доллар көлеміндегі инвестиция жасады.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Франция біздегі ең үлкен инвесторлардың бірі. Ең үлкен инвесторларының бестігіне кіреді. Осы жерде 40-тан астам Франция бизнес өкілдері жиналған. Үлкен компаниялар, мұнай-газ, машина жасау, авиация және басқа да салалар. Франция Қазақстанға қайтадан инвестицияны тартамыз, инвестициямен келеміз деп өз пікірін айтып отыр.

Алдағы уақытта Қазақстан мен Франция жаңа ортақ жобаларды қолға алуды көздеп отыр. Олар елімізде жүзеге асырылмақ. Әлемдік брендтер қойылатын жаңа сауда орталықтарын салып, тасымалдау ісін оң жолға қою жоспарланып отыр. Кейбір концерндер жаңартылатын энергияны, әсіресе, күн энергиясын дамытуға ниет танытуда. «Еврокоптер» компаниясы Қазақстанның ғарыш саласымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі.

ЕРЛАН ХАЙЫРОВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - «Еврокоптер» әріптестіктің 3 жолын қарастырып отыр. Білім бағдарламалары да соның ішіне кіреді. Тікұшақ басқару саласында, әскери қорғаныс өнеркәсібіндегі байланысты нығайту жоспарланған. Үшіншісі – ғарыш саласындағы әріптестікті дамыту.

Елдер сауда, көлік, энергетика, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі өнімдерін қайта өңдеу, азаматтық авиация, туризм және стандарттау салаларындағы байланысты да нығайтуда. Француз капиталының қатысуымен Қазақстанда 140-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

МУНИРА АРТЫҚБЕКОВА, «ФРАНЦИЯ-ҚАЗАҚСТАН» САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл жиын Франция бизнесі мен Үкімет арасындағы екіжақты байланыстың көрінісі. Екі ел арасында сауда-экономикалық байланыс дамып келеді. Бұл бизнестің білім саласына, Цифрлы Қазақстан бағдарламасына қатысуына жол ашады.

Қазақстан мен Франция технологиялық модернизация, цифрландыру, инновацияларды дамыту мәселелерін талқылады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер