Елбасы жолдауы: Сарапшы пікірі

Білім, ғылым және денсаулық сақтау салаларына бөлінетін мемлекет қаржысының көлемін Жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздық деңгейіне жеткізу. Қазақстан Президенті өз жолдауында ел үкіметінің алдына осындай міндет қойды. Бұл – алдағы 5 жылдың ішінде қол жеткізілуі тиіс көрсеткіш. Осылайша, адами капиталдың дамуына басымдық бере отырып, бәсекеге қабілетті экономика құруға назар аударылмақ.

ДМИТРИЙ ЖУРАВЛЕВ, АЙМАҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұған дейін өмір сүру деңгейін назардан тыс қалдырмай, өнеркәсіп, көлік, банктер пен экономиканың өзге де салаларын жетілдіруге басымдық беріліп келді. Ал қазір экономиканың даму деңгейі тағы бір маңызды қадам жасауға мүмкіндік беріп отыр, ол – тұтынушының маңыздылығын арттыру. Бұл гуманитарлық, қоғамдық тұрғыдан қарағанда өте жақсы өзгеріс.

Британиялық «Independent Power Corporation» компаниясының бас атқарушы директоры Питер Эрл де Елбасы жолдауына қатысты пікірін білдірді. Ол өз тиімділігін дәлелдеген «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы мен шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей инвестиция қорын құру идеясын ерекше атап өтті.  

ПИТЕР ЭРЛ, «INDEPENDENT POWER CORPORATION» КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

-  Меніңше, жолдау президенттің соңғы 10 жылда жүргізіп келе жатқан саясатымен толық үндеседі. Менің айтып отырғаным - “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы. Назарбаев экономиканың белсенді өсімін ынталандыру үшін бағдарламаны 2025 жылға дейін созбақшы. Меніңше, бұл өте маңызды қадам. Ол, сондай-ақ Шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей инвестиция қорын құру мәселесін қарастыру қажеттігін айтты. Қор серпінді жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвесторлармен бірлесіп, инвестиция салу қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады. Меніңше, бұл өте керемет идея. Британиялық үкімет мұндай бастаманы қолдайды деп сенемін.