Елбасы жолдауы: Ұстаздардың мәртебесін өсіру

Қазақстан президенті ел халқына арнаған биылғы жолдауында оқытушылардың беделін асырудың маңыздылығын атады. Жылдың бас құжатында Елбасы алдағы жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін атап өтті. Бұл тұрғыда мұғалімдер де озық технологияны меңгеріп, білімін жетілдіріп, тәжірибесін арттырып отыруы қажет. Ұлағатты жандар ел болашағы білімді де жігерлі шәкірт тәрбиелеу қамындағы игі істерді бүгіннен қалмай жүзеге асырып жатыр. Олардың бірі – оқытушылар фестивалі. Биылдан тұңғыш рет қолға алынған бастамаға республиканың әр өңірінен 25 ұстаз қатысты. Бұл білім беру жүйесіне жаппай ендіруге жарайтын әдіснамалар, оқушының ой-өрісін кеңейтіп, ғылымға деген құштарлығын оятатын үздік инновациялық жоба авторлары. Жеңімпаздар алдағы жылы Португалия елінде өтетін еуропалық байқауда ел намысын қорғайтын болады.

ШЫҢҒЫС НҰРЛАНОВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  Елбасымыз өзінің кезекті жолдауында білім саласы жайлы сөз қозғады. Білім саласындағы реформаларға тағы тоқталып өтті. Бір сөзбен айтқанда, білім саласына бағыт-бағдар берілді, әріқарай біз өзіміз алып кетуіміз керек. Үлкен бағыт-бағдар бар, не істеу керектігі бәрімізге мәлім. Енді соны біз іске асыруымыз керек. Соны іске асыру бағытында біз осындай іс-шара ұйымдастырып отырмыз.

ЕРСІН ӘДІЛБАЕВ, МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ ОҚЫТУШЫСЫ:

 -  Елбасымыздың жолдауындағы басты қозғалған өзекті мәселелердің бірі – мұғалімдерге қатысты, ол білім беру жүйесіндегі өзгерістердің шын мәнінде жүзеге асуы іс барысында, балалармен жұмыс істеу барысында жүзеге асырылмақ. Бұл – оқушылардың ғылымға деген қызығушылығы, ғылым-білімді тереңірек білуге деген ұмтылыстары. Оған мұғалімнің үлкен рөл атқаратынын түсіндіру. Мұғалімдердің мәртебесі осындай іс-шаралар арқылы кеңейе береді, арта береді деп ойлаймын.