«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Мұрат Қабылбаев және Тимур Рысбеков

«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Мұрат Қабылбаев және Тимур Рысбеков

Елімізде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы II рет өткізіледі. Оған қазір өтініштер қабылданып жатыр. Онан соң жаппай дауыс беру басталады. Ал былтырғы жобада бақ сынап, үздік жүздіктің қатарынан табылғандардың ішінде жетім балаларды қамқорлығына алған Мұрат Қабылбаев та бар. Қазір оның отбасында 13 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың 12-сі – балалар үйінің түлегі. Әрқайсысы әр ұлттан болса да, барлығы бірдей қазақша сөйлеп, қазақи болмысты бойларына сіңіруде. Жеткіншектер жан-жақты дамып келеді. Оқу оқумен қатар, өнер, спорттан да кенде емес.

ТӨЛЕГЕН БУЛКИН, М.ҚАБЫЛБАЕВТЫҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:

 - Әкеміз бізге барлық жағынан тәрбие көрсетеді. Спорт жағынан, мысалы, жалпы жерлерде өзіңді қалай ұстау керек. Барлық сабақтан сыныптастарымыздан озықпыз. Оған әкеміз көмектеседі. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты Абай оқуларынан 50 өлең оқып, III орын иелендім. Тәрбие жағынан бізде жұма сайын отбасылық жиналыс болады. Сол отбасылық жиналыста әкеміз бізді көптеген нәрселерге үйретеді.

Тете өсіп келе жатқан балалар, бір-біріне өте қамқор. Әрқайсысының өз арманы бар. Тіпті, кейбірі мамандық та таңдап қойған. Алайда балалардың әкесі Мұрат Қабылбаев, өскелең ұрпақтың бойына ең алдымен адами қасиеттерді сіңіруге тырысамын, - дейді. Еңбекке де баулып, олардың мықты азамат болуына барынша жағдай жасап келеді.

МҰРАТ ҚАБЫЛБАЕВ, БАЛАЛАРДЫҢ АСЫРАУШЫСЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Қазіргі таңда маған көп жерден Қазақстан бойынша әр облыстан хабарласып жатыр, Ресейден, Қырғызстаннан. Осы жетім балаларды тәрбиелеу бойынша сұрақтарды жаудыруда. Бізде Қазақстанда жетім балаларды асырап алған ата-аналарға арналған мектеп жоқ. Балаларды қамқоршылыққа алған кісілер осы тәрбие бойынша көптеген қиындықтарға тап болады. Енді интернет арқылы онлайн мектеп ашамын деген ойым бар. Мысалы, бір группа жинап, оларға сабақ беру сынды.

Ал Алматылық Тимур Рысбеков – аталған ұлттық жоба тізіміне енген тұңғыш оқушы. Білімі мен қабілеті жоғары жасөспірімнің әлеуметтік, медицина, ғарыш саласына арнаған бірнеше жобасы бар. Қазір Тимур 72 өнертабысының 28-ін патенттепті. 2017 жылы халықаралық байқауға қатысып, 77 химиялық реактивті анықтайтын робот ұсынған. Ал оның ғарыш саласына арнаған өнертабысы қалта телефонымен басқарылады. Робот ашық ғарышта кез келген тапсырманы орындай алады. Тимур жақында бұл жұмысын Америкаға апарып, бағын сынап көрмек. Дарын иесі NASA ұйымдастырған байқауға қатысады.

ТИМУР РЫСБЕКОВ, ӨНЕРТАПҚЫШ:

 - Тамыз айында біз командамызбен халықаралық платформаға шықтық. Әлемнің сарапшылары жобамызды жоғары бағалап, NASA ұйымдастыратын үлкен байқауға шақырту алдық. Оған әлемнің 30 елінен үздік өнертапқыштар келеді. Мен бұл байқауға көлемді мәліметтер қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ерекше бағдарламаны  ұсынбақпын.

Жобаның алғашқы кезеңінде 340 мың қазақстандық ұсынған үміткерлерге 1,5 миллионға жуық дауыс берілді. Естеріңізге салайық, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының II кезеңіне әрбір қазақстандық үміткер ұсына алады. Өтініш 15 қазанға дейін қабылданады.