Қазақстан-Британ қоғамының төрағасы Руперт Гудманның елбасы жолдауына пікірі

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауы қазақстандықтар арасында ғана емес, сонымен қатар әлемдік сарапшылар арасында да кең талқылануда. Мемлекет басшысының бастамаларын аудитория уақытылы, сондай-ақ көреген және пәрменді ұсыныстар деп санайды. Қазақстан-Британ қоғамының төрағасы Руперт Гудман жолдауда шетелдік әріптестермен бірлесе отырып қаржыландырылатын шикізаттық емес секторға бөлінетін тікелей инвестиция Қорын құру қажет деп айтылған пікірді қолдайды. Қазақстан-Британ қоғамы Астананың сауда-экономикалық және мәдени бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

РУПЕРТ ГУДМАН, ҚАЗАҚ-БРИТАН ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауында инвестицияларды мұнайға қатысы жоқ секторларға бағыттау туралы айтқан идеясы көңілге қонымды. Бұл Қазақстан экономикасын әртараптандыруға көп көмегін тигізбек. Сондай-ақ жолдауда адами капиталға инвестиция құю жәйі де орынды айтылған. Өйткені шынымен де ел болашағы кадрларға тікелей байланысты.

Сонымен қатар халықаралық сарапшылар Қазақстанды геосаясат пен геоэкономикада көптеген жемісті халықаралық жобалардың бастаушысы санайды. Республика әлемдегі аса күрделі экономикалық және саяси қиын жағдайларға қарамастан, халықаралық сахнада өз орнын тауып, көшбасшылар қатарынан көрініп келеді. Дүниежүзілік Түркі халықтары конгресінің президенті мәлім еткендей, Қазақстан Республикасы басшысының жыл сайынғы жолдауы әрдайым елдің ішкі реформаларына серпін беріп келеді.

ЯХЪЯ АЛИЕВ, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫ КОНГРЕССІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

-  Мен  Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауы Қазақстан халқына ғана емес, бүкіл түркі әлеміне үндеуі деп білемін. Өйткені онда ішкі саясатпен бірге сыртқы саясат та кеңінен қамтылған. Бұл Президент Назарбаевтың қазіргі ғаламдық дағдарыстан туындаған қаржылық қиындықтарға қарамастан, жаңа қорларды тауып, оларды қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға жұмсауы – күш-жігері дер едім.