Елбасы жолдауы: Сарапшылар пікірі

Астананың Орталық Азиядағы аймақтық қаржы хабы ретіндегі болашағы жарқын, дейді британдық сарапшылар. Еске салсақ, Қазақстан президенті биылғы жолдауында елордадағы жаңа орталықтың дамуына ерекше тоқталған болатын. Лондондағы ірі іскерлік және қаржы орталығының сарапшылары «Астананың» қазақстандық бизнесті шетелдік инвестициялармен шынымен де қамтамасыз ете алатындығына сенеді және кез келген мәселе бойынша қолдауға әзір.

ШЭРРИ МАДЕРА, ЛОНДОН СИТИДІҢ АЗИЯ БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ЖӨНІНДЕГІ  КЕҢЕСШІСІ:

 - Меніңше, Қазақстан – шынымен де Орталық Азиядағы ең маңызды аймақтардың бірі. Елдің даму жолы ерекше және өз ортасында бәсекелесі жоқ. Бұл – жаһандық қаржы орталығы болуды ойлаған Астана үшін үлкен мүмкіндік. Әрине, бұл салада Лондон Ситидің тәжірибесі сәл көбірек. Біз «жасыл» қаржы, Финтех, исламдық қаржыландыру және басқа да аспектілер бойынша арқашан қуана көмектесе аламыз деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы өз жолдауында цифрландыруға жете мән беріп, «қолма-қол ақшасыз» экономикаға көшу керектігін айтты. Осы ретте стратегиялық әріптесіміз Қытайдан үйренеріміз бар деді. Шығыстағы көршіміздің интернеттегі сауда-саттық, электрондық коммерция бағытындағы тәжірибесі мол.

СЮЙ ХАЙЯН, ҚЫТАЙ ҚОҒАМДЫҚ ҒЫЛЫМДАР АКАДЕМИЯСЫ, САЯСИ ҒЫЛЫМДАР ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Біз өндірістік экономикадан, цифрлық һәм интернет экономикаға көштік. Бұл салада көптеген инновация жетерлік. Мәселен, қазір Қытай қолма-қол ақшасыз есеп айырысуда әлемде алдыңғы қатарда. Телефон қосымшасымен төлеу, онлайн сауда халыққа өте ыңғайлы. Қазақстанның да осы салаға мән бере бастағанын байқап отырмыз. Экономиканы дамыту уақыт талабына сай өзгеріп отыруы керек.