«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Дана Башибаева

Елімізде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының іріктеу кезеңі әлі де жалғасып жатыр. Оған қатысуға түрлі мамандықты игерген мыңдаған қазақстандық өтініш білдіруде. Осы жолы жастарға басымдық беріліп отыр. Ұлттық жобада бақ сынап, үздік жүздіктің қатарынан табылғандардың ішінде білікті дәрігер Дана Башибаева бар. Науқасқа көмек көрсетуді бала күнінен армандаған ол өз білімін жетілдіру үшін шет елге шығып, тәжірибесін шыңдады. Бүгінде кеудесінде қатерлі ісік пайда болған әйелдерге қолынан келгенше медициналық көмек көрсетіп, кеңес береді.

ДАНА БАШИБАЕВА, ОНКОМАММОЛОГ:

 - Күн сайын амбулаториялық қабылдау өткіземін. Ісік қатерсіз, яғни қауіпті болмаса операция жасаймын. Сүт безіне толық тексеру жүргіземіз. Ең бастысы осы аурудың алдын-алуға мән беремін. 

Аурудың алдын алудың негізгі жолы – халықтың сауаттылығын арттыру. Сол үшін Дана әлеуметтік желіні ұтымды қолданған. Ол тәжірибесінде кездескен жағдайларды және білген-түйгенін көпшілікпен бөлісіп, оқырмандарының сауалына жауап береді. Бүгінде жас дәрігердің жеке парақшасына 60 мың адам тіркелген. Осы арқылы Дана аналарға сүт безі ісігінің алдын алу туралы кеңес беріп, уақтылы тексеріліп тұруға шақырады. 

ДАНА БАШИБАЕВА, ОНКОМАММОЛОГ:

-  Өкінішке орай әйелдер тексерілуден қорқады. Жаман аурудың белгілерін  байқаса да оны естімеу үшін уақыт созып жүре береді. Дәрігер алдына ауруы асқынғанда келеді. Мен әлеуметтік желіде ісік қаншалықты ерте анықталса, толықтай емдеу мүмкіндігі де соншалықты көп екенін түсіндіруге тырысамын. Бүгінде көпшілікті клиникалық жағдайлар, яғни науқастардың басынан өткен оқиғалары қатты қызықтырады.

Дана Башибаеваның медицина саласында еңбек етіп жүргеніне 8 жыл өтті. Осы уақыт аралығында жас дәрігер науқастардың алғысын алып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Айтуынша, «100 жаңа есім» жобасы адамды шабыттандырып, жұмысқа деген құштарлығын арттырады.