Елбасы жолдауы: Білім саласындағы өзгерістер

Табысты адам тұлғасының қалыптасуы – ерте жастан басталады. Сондықтан мемлекет басшысы білім саласына аса көңіл бөледі. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, біліктілік талаптары мен оқыту әдістеріне қойылатын талаптарды қайта қарау қажет. Енді мемлекеттік орта мектептерде білім беру бірыңғай стандартпен, яғни Назарбаев Зияткерлік мектебі әдістемесі негізінде жүргізілетін болады. Сонымен қатар жоғары білім беру жүйесінде мекемелерге академиялық еркіндік берілген. Университеттерде оқыту әдісіне қойылатын талаптар сапасы да арта түседі. Сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тағы бір Назарбаев Университетінің принципі бойынша политехникалық Жоғары оқу орны құрылатын болады деп мәлімдеді.  

ӘСИМА БИМЕНДИНА, «КӘСІПҚОР» ХОЛДИНГІ» КЕАҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Орта білім беру Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірыңғай стандарттары негізінде жұмыс істейтіні туралы айтылды. Дұрыс шешім, себебі, бұл білім орны – мол тәжірибе жинақтаған мекеме. Ал жоғары оқу орындары қызметі түлектерді жұмысқа орналастыру негізінде бағаланатын болады. Егер, жас маман жұмысқа орналасса, сапалы білім алды дегенді білдіреді.

ҒАРИФОЛЛА ЕСІМ, АКАДЕМИК:

 - Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарына талап қойды. Егер кейбір мамандықтарға сұраныс болмаса, ол мамандыққа оқытудың қажеті жоқ. Мониторинг жасап отыру қажет, керекті мамандыққа ғана оқыту керек. Алдын ала болашақта қандай мамандық қажет екенін болжай білу маңызды.

Білім саласындағы басымдылық 4К моделіне ауатын болады. Бұл дегеніміз креативтілікті дамыту, критикалық ойлау, коммуникабельділік және командамен жұмыс. Отандық сарапшылардың айтуынша, білім саласы мәселелерін шешу сапасы қазақстандықтардың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады. Президент педагог мәртебесін арттыруға ерекше көңіл аударды.

ЕРЛАН САЙЫРОВ, ҚР КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Біз заман ағымына сай болуымыз үшін жаңа ұрпақты тәрбиелей білуіміз керек. Сондықтан педагог мәртебесі туралы заң қабылдауға байланысты тапсырма дер кезінде берілді деп ойлаймын. Біз мұғалімнің әлеуметтік  мәртебесі мен рухани маңызын арттыруға баса көңіл бөлу керекпіз. Ұстаз – тек мектеп оқытушысы ғана емес, ол ұлттың тәрбиешісі.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттігін атап өтті. Бұл тапсырма Үкіметке жүктеліп отыр. Сарапшылардың айтуынша, Елбасы көтерген мәселелер педагогика саласындағы түйткілдердің  түйінін шешуге жол ашпақ.