«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы 5 жылға ұзартылды

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы 5 жылға ұзартылды

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Жыл сайынғы жолдауында мемлекет басшысы тұрғындардың табыс көзінің өсуіне, тұрғындардың өмір сапасын арттыру мәселесіне, қолайлы өмір сүру ортасын құруға, азаматтардың қажеттіліктеріне бағытталған мемлекеттік аппаратқа, тиімді сыртқы саясат және елде қайта құрулар үдерісіне әрбір қазақстандықтың қатысуына назар аударды. Президент экспортқа бағытталған индустрияландыру экономикалық саясаттың негізгі элементі болуы тиіс деп атап өтті.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Отандық тауарларға қолдау қажет. Бұрын да, бүгінгі таңда да қазақстандық өнімді қолданамын. Бұл 10 есе арзан. Мемлекет импортты қаншалықты аз қолданса, соншалықты еліміз тәуелсіз. Қазіргі таңда біз нан, сүт, энергиямен қамтамасыз етіп келеміз. Сонымен бірге басқа тауарлардың көлемін бірте-бірте арттырудамыз. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатында алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырамын.

Мемлекет басшысы Қазақстан үкіметі алдағы уақытта өңдеу секторында экспорттаушыларды қолдауға назар аударуы тиіс деді. Сонымен қатар отандық тауарларды өңірлік және әлемдік нарықтарға шығаруға, кәсіпорындарға тауарлардың кең номенклатурасын игеруге қолдау көрсетуді тапсырды.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біздің сауда саясатымыз еш кедергісіз мейлінше тиімді жүзеге асырылуы тиіс. Ол отандық тауарларды әлемдік нарыққа шығаруға негізделген  болуы керек. Мұнымен қоса жергілікті кәсіпорындарға тұрғындар қолданатын тауарлардың тізімін кеңейтуге қолдау көрсетілуі қажет. Сондай-ақ  «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мәселесін де ұмытпаған жөн. 

«Бизнестің жол картасы 2020» шағын және орта бизнесті қолдауға бағатталған бағдарлама мерзімі 5 жылға ұзартылды. Бұл туралы да бүгін Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында атап өтті. Мемлекет басшысы үкіметке осы мақсатта жыл сайын 30 миллиард теңге бөліп отыруды тапсырды. Бұл шаралар кемінде 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ жалпы құны 3 триллион теңге көлемінде өнім шығаруға ықпал етуі тиіс.