«Абылай ханның қара жолы» экспедициясы аяқталды

«Абылай ханның қара жолы» экспедициясы аяқталды. Ғалымдар, тарихшылар, картографтар, өлкетанушылар, журналистер мен блогерлерден құралған топ 10 күн бұрын Бурабайдағы хан ордасынан киелі Түркістан қаласына жолға шығып, 5 мың шақырым жерді артқа тастады.

МҰРАТ ЫДЫРЫСОВ, ЭКСПЕДИЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫ:

 - Экспедиция жолы Петропавл қаласындағы Абылай хан резиденциясынан басталып, Астана, Қорғалжын, Баршын, Шұбаркөл, Ұлытау, Сәтпаев, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Шымкентте болдық. Барған жерлеріміздің барлығында Абылай ханның іздері мен ескерткіштері бар.

Экспедицияға қатысушылар Көкшетау жолдарымен де жүріп өтті. Бүгінде бұл жерге асфальт төселсе де, хан жолының бір бөлігі болып қала бермек.

САНСЫЗБАЙ МҰҚИТАНОВ, АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ҰРПАҒЫ:

 - Абылай хан заманында осындай жол төсемдері болған емес, ауыл аралық жолдар ғана болған. Сол себепті олар, күніне атпен 500-600 шақырым жүрген.

Қалалар мен ауылдарға аялдаған уақытта сол жердің түпкілікті тұрғындары Абылай ханның жүріп өткен жолдарын растап отырды. Енді тарихшылардың айтуынша, экспедиция қорытындысы негізінде, монография шығарылып, «Абылай ханның қара жолы» атты фильм түсіріледі.

ҒИЗАТ ТАБЫЛДИН, ҚР ҚК ӘСКЕРИ-ТАРИХИ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

-  Табиғи кешендер жайлы материалдар жинағы құрылатын болады. Бұл – туристерді, сондай-ақ этнографтар мен тарихшыларды тартатын көркем бағыт.

Тарихи-танымдық саяхат барысында экспедицияға қатысушылар зерттелмеген ескерткіштер, пирамида тәрізді қорғандар табылғанын айтады. Зерттеуші топ байырғы хан жолдарымен жүретін жаңа туристік бағыт құру туралы ұсыныс жасап отыр.