Ғұмар Қараш жерленген орын Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енді

Ақын, ойшыл, алғашқы қазақ журналистерінің бірі – Ғұмар Қараш жерленген орын Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енді. Жақында туған жері Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданы Борсы ауылынан 8 шақырымдай жерде кесене тұрғызылды. Биіктігі 9 метр болатын нысан құрылысына билік пен бұқара өкілдері бірдей атсалысыпты.

АЗАМАТ САФИМАЛИЕВ, ЖӘНІБЕК АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Бұл кесененің тасы Маңғыстау елінен алынды. Жиналған қаражат сомасы 8 миллионның үстінде, бұл қаражат бюджеттен емес, жалпы ел азаматтарының жиған-тергенінен бөлінді. Ғұмар Қараш қоры ашылып, бұл қаражат сол қорға жиналған болатын.

Ғұмар Қараш есімі отандық тарихта айрықша аталуы тектен тек емес. XX ғасыр басындағы аумалы-төкпелі заманда ол өз ұлтының келешегі үшін күрескен үркердей топтың қатарында тұрды. Қазақтың тұңғыш журналистерінің бірі ретінде «Қазақстан» газетінің шығуына атсалысты. «Мұғалімге» атты еліміздегі алғашқы педагогикалық басылымға басшылық етті. Бір басына бірнеше өнерді тоғыстырған жанның өмірі толық зерттеліп болды ма? Бұл сауалды біз ғұмартанушы ғалымдарға қойдық. 

БАҚТЫЛЫ БОРАНБАЕВА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ҒҰМАРТАНУШЫ:

-  Республика көлеміндегі қазақ халқы Ғұмар Қарашты танып болды деп айтсақ біз әлі артық айтқандық болып табыламыз. Сондықтан біздің міндетіміз – Ғұмар Қарашты жалпы қазақ еліне таныту, түркі еліне таныту бұл бүгінгі зерттеушілер мен ғалымдардың алдында тұрған тың міндет.

ҚАЗЫБЕК ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, ЖУРНАЛИСТ, ҒҰМАР ҚАРАШ МҰРАЛАРЫН ЗЕРТТЕУШІ:

-  1917 жылғы «Ұран» газетіндегі мақалаларын қарасаңыз, осы өңірдің мына отарлаушы халық пен жергілікті халықтың арасындағы шекара дау-дамайларына араласқан. Біз бүгін көріп отырмыз, мына Жәнібектің өзі, мына елді-мекендерінің Қазақстан территориясында қалғанының өзі – сол Ғұмар аталарымыздың еңбегінің нәтижесі.

Айта кетейік, жуырда Ғұмар Қараш шығармаларының 3 томнан тұратын алғашқы толық жинағы жарық көрді. Онда ғалымның өнегелі өмірі мен шығармашылығына қатысты мәліметтер жинақталған.