«Астана Балет» Миланда өнер көрсетті

«Астана Балет» театры Милан қаласындағы атақты «Teatro Nuovo» сахнасында өнер көрсетті. Ежелгі театрда әлемдегі әйгілі труппалар талғампаз көрерменмен талай рет қауышқан. Бұл жолы қазақстандық артистердің өнерін тамашалауға келген қауым назарына «Астана Балет Гала» бағдарламасы ұсынылды. Онда ұлттық хореография үлгілері заманауи нақышта көрініс тапқан. 

МУКАРАМ АВАХРИ, «АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫНЫҢ БАС БАЛЕТМЕЙСТЕРІ:

 - Театрымыз жас болғанымен, репертуары күннен күнге түрлі туындылармен толығып келеді. Шет мемлекеттерге шыққанда біз әрине мақсатты түрде көрермен назарына «Астана Балет Гала» бағдарламасын ұсынамыз. Себебі сол арқылы көпшілік біздің репертуарлық бағыт-бағдарымызды білетін болады. Ол ұлттық құндылықтарды дәріптейтін туындылардан тұрады.

Қазақстандық өнерпаздардың тартуы талғампаз көрерменнің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді. «Астана Балет» театрының өнеріне әйгілі «La Scala» театрының педагог-хореографы да жоғары баға берді.

АННА ОЛЬХОВАЯ, «LA SCALA» ТЕАТРЫНЫҢ ПЕДАГОГ-ХОРЕОГРАФЫ:

 - Алған әсерім зор. Керемет өнер көрсетті. Хореографиясы ерекше. Сахна киімдері де ұнады. Дайындықтары жақсы болған. Солистерге «жарайсыңдар!» дегім келеді.

Әсіресе ғажап музыка мен қайталанбас көркем бейнелер көрермен көңілін баурап алды.

ОЛЬГА БАРАНОВА, КӨРЕРМЕН:

 - Музыка керемет таңдалған, маған қатты ұнады. Сахнаға шыққан қыздар сондай нәзік, кербез қимылдарымен тәнті етті.

Айта кетейік, «Астана Балет» театрының гастрольдері «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтіп жатыр. Артистер «Жаһандағы заманауи Қазақстан мәдениеті» жобасын жүзеге асыруға атсалысып, отандық өнерді әлем сахналарында танытып келеді. Жалпы, бұл «Астана Балеттің» алғашқы гастрольдік сапары емес. Бұған дейін труппа Мәскеу, Бейжің, Париж, Вена және әлемнің басқа да қалаларында өнер көрсеткен.