Биыл Қазақстанның қай өңірлеріне газ келеді?

Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының бесінші бағыты – ел өңірлерін газдандыру. Осы ретте Қызылорда облысындағы Қараөзектен Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана арқылы магистралды газ құбыры салынбақ. Бұл 2 млн 700 мың адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, Арқаның экологиялық ахуалына жақсы әсер ететін болады.

ЗИЯШ ҚИЯҚБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

- Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдың аяғына дейін жоба құрылысын аяқтау қажет. Мердігер мекемелер таңдалып, қазан айында құрылыс қарқын алады. 2020 жылы құбыр бойындағы елді мекендерді көгілдір отынға қосамыз деп жоспарлап отырмыз.

Елбасы бастамаларының бесінші бағыты бойынша Түркістан облысында да жұмыс қарқынды. Биыл Отырар ауданының орталығы Шәуілдір мен Темір елді мекендеріне көгілдір отын жеткізіледі. Қазір тұрғындарға түсіндіру шаралары жүргізіліп жатыр.

ЕРЛАН АЙТАХАНОВ, ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Сырдарияның арғы бетінде 12 елді мекеніміз бар, оған Арыс жақтан газ құбыры тартылатын болады. Газ нүктесі Арыс аумағында әлі біткен жоқ. Соған қосылады. Біз оған дейін тиісті құжаттарын толық дайындау үстіндеміз. 2020-2022 жылдары ауданды толығымен газдандыру жұмыстарын аяқталады.

Ал Жамбыл облысындағы 377 елді мекеннің бүгінгі таңда жартысына жуығы газбен қамтылған. 2019 жылғы құрылыс жұмыстарын  қаржыландыру үшін 11 млрд 683 миллион теңгені құрайтын 10 жобалық бюджеттік өтінім Энергетика министрлігіне тапсырылды. 2025 жылға дейін газдандырылған елді мекендердің саны 354-ке жетіп, жалпы 94% қамтылмақшы.

НҰРБАЙ ТІЛЕГЕНОВ, ОБЛЫС ӘКІМДІГІНІҢ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- 2025 жылға дейін 171 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. Былтыр басталған Талас ауданының 5 елді мекені, Сарысу ауданының 4 елді мекеніне орта қысымды газ құбыры жеткізіліп, ауыл ішіндегі ішкі орамдық газ жүйелеріне конкурс ойнатылып, мердігер анықталды.

Атырау облысында шалғай жатқан елді-мекендерді газдандыруға айрықша көңіл бөлінген. Облыстың Махамбет, Исатай және Қызылкөк аудандарының ең алыс ауылдарына магистральды газ құбырының жоспары жасалып жатыр. Сөйтіп осы үш ауданға қарасты үлкенді-кішілі 34 ауылдың тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді. Жалпы өңірдегі елді мекендердің 93,3% толығымен газбен қамтылады.