Павлодар облысында «Qazaq-camp» атты сауықтыру маусымы ашылды

Ұлттық құндылықтар дәріптелетін жазғы лагерь. Павлодар облысындағы оқу-сауықтыру орталығының базасында «Qazaq-camp» атты сауықтыру маусымы ашылды. Мұнда демалушылар табиғатпен біте қайнасқан халқымыздың ежелгі тұрмыс-тірлішілігіне қайта оралады.

НҰРЖАН ЕЛЕУҰЛЫ, ЕҢБЕК ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

-  Ата-бабамыздан қалған мұра қамшы өруді үйрету – міндетіміз. Қамшы  теріден иленіп жасалады. Тері қалай жасалады десеңіз, мынау құлақбау құлақбаудан таспа тіліп, оны қырнап, кейін жұқартып, соның барлығын үйретеміз. Сосын төрт таспадан жасаймыз.

Астау, этноауыл көрінісі, табиғи ескерткіштер балалардың қолынан шыққан. Қыз балалар қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап үйренеді.

АЙДАНА МАХМҰТҚЫЗЫ, ОҚУШЫ:

 - Маған бәрі өте ұнайды. Біз бұл жерде қазақтың ұлттық тағамдарын пісіреміз күндіз түні бір-бірімізбен біргеміз және де алтыбақан тебеміз. Бұл жерде телефон, интернет деген дүниелер жоқ, яғни көбірек бір-бірімізбен сөйлесеміз, тауға шығып саяхаттаймыз.

Киіз басу, құрақ көрпе тігіп, сырмақ сыру. Жеті қазынаға жататын қыран құс пен құмай тазыда осы «Qazaq-camp» бағдарламасына енген. Ауданның құсбегілері балаларға саятшылық туралы әңгімелейді.

ЕРСІН ҚОЖАХМЕТОВ, ҚҰСБЕГІ:

 - Бұл құсты енді аңға саламын, аң үшін ұстаймыз. 2017 жылы Қазақстан бойынша бас жүлдені алдық. Павлодар облысының атын шығарып, қорғап жүрген бұл құстың аты – Найзатұяқ.

НҰРСАҒАТ ЕРМЕКОВ, ЖАЗҒЫ САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРІНІҢ БАСШЫСЫ:

-  Балалар киіз үйлерде жатады. Ол басынан бастап шешілген мәселе. Әрине балаларды киіз үйде жатқызу үшін ата-аналарының рұқсатын алдық. Балалар үйірмелермен айналысады және де скаут қозғалысы болғаннан кейін скаут жұмыстарымен айналысады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған лагерь қазір III маусымын бастап кетті. Білім басқармасы келешекте «Qazaq-camp» республикалық, тіпті халықаралық дәрежеде ұйымдастырылады – деген міндет қойып отыр.