Алматыда тарихи-мәдени мұралар тізімі толықты

Алматыда сәулеті келіскен бірнеше ғимарат тарихи-мәдени мұралар тізіміне енеді. Олардың ішінде ерекше стильде салынып, қала ажарын айшықтап тұрған нысандар көп. Солардың бірі – іргесі осыдан 35 жыл бұрын қаланған аппаратты-студиялық кешен. Отандық телевизия тарихында хабар тарату орталығы болып құрылған алғашқы нысандардың бірі әрі бірегейі. Ғимаратты отандық сәулетшілер жобалаған. Қабырғасы әйнекпен қапталып, бағаналары гранит тастармен бекіген нысан – қаладағы биік жерлердің біріне салынған. Алыстан менмұндалап тұрған бұл ғимаратты қала тұрғындары мұздықтарға да ұқсатады. Өйткені, мұнараға ілінген оюлы тастар алып құрылысты құдды мұзбен қаптап тұрғандай. 

АЛЕКСАНДР КОРЖЕМПО, «АСК-2» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ:

 - Біз оның жобасын ұзақ дайындадық. Біз тек архитектуралық-құрылыстық бөлігін ғана дайындадық. Технологиялық жабдықтарды Мәскеудегі байланыс институтының қызметкерлері орнатқан. 

Қала басшылығы шаһардың ажарына көрік қосқан нысанды ерекше қорғауға алып, арнайы мәртебе береді. Жалпы, қаланың тарихи-мәдени мұраларының тізімі жақында тағы 5 нысанмен толықпақ. Олардың қатарында Тұңғыш Президент атындағы саябақ, «Алматы Арена» мұз кешені, Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, Алматы технология және бизнес университеті, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының ғимараты бар.

КАРЛ БАЙПАҚОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ:

 - Еліміздегі тарихи-мәдени құндылықтарды көздің қарашығындай қорғауымыз керек. Олар өткен күннен белгі береді. Комиссия мүшелері қаладағы көне нысандарды іріктейтін кезде ең бірінші олардың тарихи маңызы мен сыртқы кейіптеріне мән береді.

Қазір Алматыда 100-ден аса нысан тарихи-мәдени мұралар тізіміне енген. Оған қоса, 31 ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған. Мамандар аталған ғимараттарды жөндеу жұмыстары құзырлы орындардың рұқсатымен ғана жүргізіледі, - дейді. Ал сыртқы кейпін өзгертуге мүлдем тыйым салынған. Өйткені, қала тарихынан сыр шертетін бұл нысандар бағзы қалпын сақтап қалуы тиіс.