«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Диас Тастанбеков - Kazakh TV

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы кезеңінде тізімге енген 18 ғалымның бірі – Диас Тастанбеков. Ол топырақсыз ортада тәп-тәуір өнім беретін жылыжай кешенін ойлап тапқан. Химик аэропоника әдісін ұзақ зерттеп, ақыры ойын жүзеге асырды. Мұндай технология Америка, Жапония, Сингапур, Малайзия сыңды мемлекеттерде кеңінен қолданылып келеді. Топырақсыз өсе беретін көкөністер шығынсыз әдіс саналады. Кез келген көкөністі үйде, тіпті пәтерден шықпай-ақ, бөлме ішінде өсіруге әбден болады, дейді жас ғалым.

ДИАС ТАСТАНБЕКОВ, ҒАЛЫМ:

 - Өсімдіктерді көп ярусты өсіре аласыз. Яғни, бір шаршы метрден сіз жақсы өнім ала аласыз. Бұл көп орынды алмайды және адами ресурстар мен суды үнемдейді. Бізде егінді жер көп болғанымен, олардың барлығы жеңіл суармалы емес. Егер өсімдікке қажетті орта қалыптастыра білсек, яғни көмірқышқыл газы, жылу, су және қорек берсек, кез келген көкөністі жылыжайда өсіруге болады. Сондықтан бұл технология бүгінгі таңда өзекті болып табылды.

Бүгінде жас ғалым-химик өзінің ғылыми зертханасын дамыта отырып, жаңа өнертабыстарды қалың жұртқа ұсынуда. Қазіргі таңда оның зертханасында 4 штаттық қызметкер мен бірнеше шақырылған жас ғалымдар әр түрлі әзірлемелермен айнылысады.

ДИАС ТАСТАНБЕКОВ, ҒАЛЫМ:

 - Қазір мен остеосинтез үшін табиғи ыдырағыш импланттар жобасымен жұмыс жасап жатырмын. Оның мәні – сүйек сынықтары болған жағдайда ота жасауда импланттарды алып тастаудың қажеті жоқ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер