«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Елена Дмитриенко

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы кезеңінде 102 адам жеңімпаз атанды. Іріктеу барысында 340 мыңнан астам азамат өздері таңдаған тұлғаларға дауыс берген. Жеңімпаздар қатарында «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымы республикалық одағының президенті, «Құрмет» орденінің кавалері және «Алтын патент» иегері Елена Дмитриенко да бар. Ол – еліміздегі қоғамдық жұмысқа елеулі үлес қосып жүрген азаматшалардың бірі. Жоба жеңімпазы алғашқы кезеңнің қорытындысы бойынша 49-шы сатыдан көрінді. Оның айтуынша, бұл жоба белсенді жастар үшін үлкен мүмкіндік. 

ЕЛЕНА ДМИТРИЕНКО, «ЖҰЛДЫЗ» БАЛАЛАР ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы жобаның жеңімпаздарымен кездескенде, «100 жаңа есімнің» қатарында жастардың көп болғанына таң қалдым. Түрлі саланың тізгінін ұстаған қыз-жігіттердің арасында хирургтер, өнер адамдарды, инженерлер, мүмкіндігі шектеулі, бірақ өз өміріне үлкен сеніммен қараған жандар да болды. Бәрі әр салада жүрсе де, бір адамдай елдің абыройын асқақтатып жүрген кәсіби мамандар.

Өмірінің 40 жылын педагогика саласына арнаған білікті маман мектеп жасындағы балаларды білім қабырғасынан тыс жан-жақты дамытумен айналысады. Шетелдік ұстаздардың қызығушылығын туғызған оның әзірлеген бағдарламасының басты мақсаты сол. Бұл – өмірден өз орнын табуға ұмтылған, жарқын әрі қайталанбас тұлға болып қалғысы келетін әрбір жанды қамтитын жоба. Осы арқылы ұжымдық, тәрбиелік және бала санасын дамыту жұмыстарын тиімді жоспарлауға болады. Бағдарламаны әзірлеу барысында шетелдердегі балалар қозғалысының тәжірибесі ескерілген.

ЕЛЕНА ДМИТРИЕНКО, «ЖҰЛДЫЗ» БАЛАЛАР ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бүгінде мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының балаларға арналған бағытына жауаптымын. Осыған байланысты біз елдегі балалар қозғалысын дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз. Жұмыс барысында қазақстандық бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің заманауи талаптары мен ерекшеліктері ескеріледі. Бірінші кезекте балалар қоғамның толыққанды мүшесі екенін ұмытпайық.

Елена Дмитриенконың бағдарламасы көп жылдан бері балаларды тәрбиелеудің тиімді құралы ретінде Астана, Алматы және бірқатар облыстарда кеңінен қолданылып келеді. Бүгінде қоғамдық ұйым халықаралық деңгейдегі түрлі іс-шаралардың жоспарға сай өтуіне де ұйытқы болып отыр.