Қазақстандық үздік авторлардың туындылары енді француз тілінде жарық көреді

Қазақстандық үздік авторлардың туындылары енді француз тілінде жарық көреді. Аударма және кітапты насихаттау жұмысымен Еуропаның үздік баспалары айналысады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2 томға біріктірілген повесть, әңгіме және қара өлеңдер жинағы Париж, Лион, Ницца сынды қалалардың басты кітапханаларына қойылады. Француздардың өзі қазақ жазушылары мен ақындарының шығармаларына қазірден бастап қызығушылық танытып отыр.

ТЬЕРРИ-ДЕ-ЛА-КРУА, «MICHEL DE MAULE» БАСПАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ ЖӘНЕ БАС РЕДАКТОРЫ:

 - Бұл тарихи маңызы бар оқиға. Қазақстан халықаралық аренада танымал мемлекет қой. Енді әлемді қазақ елінің мәдениетімен таныстырмақ мақсат бар. Француз халқы үшін өте қуанышты жаңалық. Себебі біз қазақ әдебиетін етене жақын зерттегіміз келеді. Сіздердің елдеріңізге студенттер, профессорлар және саяхатшылардың қызығушылығы оянатыны сөзсіз.

КАРЛА ОРИГОНИ, ПАРИЖ МӘДЕНИЕТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Мен бұл жобаны керемет бастама дер едім. Біз сіздердің талантты артистеріңізді, әнші, бишілеріңізді білеміз. Ал қазақ әдебиетінен мүлдем хабарымыз жоқ. Міне осы жобадан соң ұлы даланың ақындарымен де танысатын болдық. Сіздердің елдеріңізді танып-білуге деген құштарлығымыз жоғары.

Сарапшылар тобы елімізді шетелге танытатын әдебиетінің әрбір жинағына 30 жазушы мен ақынның заманауи туындылары біріктірді. Айта кетейік, аударма және баспа жұмыстарына үздік лингвистер мен аудармашыларды тарту көзделіп отыр. Шетелдік мамандарға қойылатын басты талап – автордың стилін сақтай отырып, халқымыздың рухын әдемі және көркем сөздермен жеткізу. Осы мақсатта қазақстандық делегация Францияның алдыңғы қатарлы баспа үйлерімен келіссөздер жүргізіп,  Парижде бірден 2 меморандумға қол қойылды.  

АИДА БАЛАЕВА, «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БАҒДАРЛАМАСЫН ІСКЕ АСЫРУ БОЙЫНША ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ ХАТШЫСЫ:

 - 2019 жылға дейін аударма жұмысы қамтамасыз етіледі. Бірінші данасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына 2 жыл толуына орай шығарылатын болады. Біз сәуір айында проза және поэзия антологиясының толық, әрі нақты нұсқалары басып шығарылып, қолымызға аламыз деп мақсат етіп отырмыз.

ЛОРАН ТАЙБ, «ПРЕСТИЖ КОММУНИКАЦИОН» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АГЕНТТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің серіктестігімізге негіз болатын меморандумға қол қойдық. Және бұл жобаны бірге жүзеге асыратынымызға қуаныштымыз. Сіздерде бай мәдени мұра бар. Ел мәдениетін шет елге танытатын кітаптарды басып шығару – бүгінде өте өзекті. 

Француз тілінен бөлек, қазақ әдебиетінің мұралары ағылшын, орыс, испан, араб, қытай тілдеріне аударылып, Ұлыбритания мен Испанияда басып шығарылады. Отандық делегация аталған мемлекеттерде де келіссөздер жүргізіп, табысты нәтижеге қол жеткізіп отыр.

РАУАН КЕНЖЕХАНҰЛЫ, «ҰЛТТЫҚ АУДАРМА БЮРОСЫНЫҢ» ДИРЕКТОРЫ:

 - Мәселен, ағылшын тілінде Британ кеңесі бұл жобаға стратегялық әріптес ретінде қатысып отыр. Ал баспагер ретінде Кембридж университетінің баспасы бекітіліп отыр. Бұл енді дүние жүзінде өздерін ең алғашқы баспа ретінде таныстырады және бүгінде ол – ең беделді баспалардың бірі. Испан тілінде бұл жобаға Сервантес институты Қеңесші болып қатысып отыр, Испанияның Мәдениет министрлігі ресми түрде стратегиялық әріптес болып отыр.

Осылайша, еуропалықтар енді Қазақстанды әдебиеті арқылы тануға мүмкіндік алады.