Кембридж университеті қазақ әдебиетінің антологиясын ағылшын тілінде шығарады - Kazakh TV

Ұлыбританиядағы Cambridge university press баспаханасы қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің антологиясын аударып, басып шығару мен таратуға көмектесетін болады. Ұлыбританияда тиісті меморандумға қол қойылды. Заманауи қазақ әдебиетінің 2 жинағын ағылшын тіліне аудару және дүниежүзі бойынша тарату «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды тармағы саналатын «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге аспақ. Оның мақсаты – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі біздің әдебиеттің, музыка және бейнелеу өнерінің, хореография, кино мен театрдың жетістіктерін әлемге таныстыру.

ДЖЕЙН МАНН, CAMBRIDGE UNIVERSITY PRESS ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз бағдарламаның құрамдас бөлігі болғанымызды және Ұлттық аударма бюросымен ынтымақтастық орнатқанымызды өте мақтан тұтамыз. Сондай-ақ заманауи қазақ әдебиетін ағылшын тілді оқырмандар арасында тарату өте маңызды іс деп санаймыз.

Cambridge university press – әлемдегі ең ежелгі баспа үйі. Алғашқы кітаптарын ХVI ғасырда басып шығарған. Өз оқырмандарына экономика, қаржы, менеджмент салаларында оқулықтар мен ғылыми әдебиеттер ұсынады.

КЕВИН ТЭЙЛОР, CAMBRIDGE UNIVERSITY PRESS ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Бұл ғимарат 195 жыл қатарынан Кембридж баспа үйінің бас кеңсесі болған. Біз меморандумға дәл осы жерде қол қойып жатқанымызға өте қуаныштымыз.

Қос тарап қазақ әдебиеті төрткүл дүние бойынша танымал етудегі кезекті қадамның маңыздылығын ерекше атап өтті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер