Қазақстан 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді көздеп отыр. Жаңа алфавитке ауысудың маңыздылығын ел жастары жақсы түсінуде. Қарағандылық студент мәтінді бірнеше минутта латын қарпіне аударып беретін арнайы бағдарлама ойлап тапты. Транслитерация деп аталатын компьютерлік бағдарлама қазақ тіліндегі мәтінді автоматты түрде латын қарпіне аударады. Бағдарлама барлық суреттер мен формулаларды сақтап қала алады. Бұл математиктер үшін маңызды.

МАҒЖАН ӨМЕН, ЖОБА АВТОРЫ:

 - Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі, сіз пернетақтадан кирилл қарпін енгізген бетте, ол сізге лезде латын әрпінде экранға шығарып беріп отырады.

1,5 ай жасаған жобаны енді автор патенттеуге де дайын. Жас өнертапқыш мұнымен шектелмей, бағдарламаның мобильдік нұсқасын ойластырып жүр.

ДӘУЛЕТ ӘЛІБИЕВ, МАТЕМАТИКА ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ:

 - Бұл біздің университет үшін үлкен табыс және жаңашылдық деп айтуға болады. Университеттің қазақ тілінде электронды ресурсы бар. Соның барлығын ғылыми кітаптар, оқу әдістемелік кітаптардың барлығын біз латын қарпіне көшіретін боламыз. Тек қана ереженің бекітілуін күтіп отырмыз.

Латын әліпбиіне көшу жолдары Қостанай облысында талқыланды. Филологтар, тарихшылар және тіл мамандары 12 ауданның тұрғындарымен кездесті. Бүгінде ауыл-аймақтарда жаңа әліпбиге үйрету курстары жұмыс істейді. Облыс басшылығы латыншаға көшу аясындағы жобаларға үкіметтік емес ұйымдарды тартуды жоспарлап отыр.

КЕНЖЕҒАЛИ БИМАҒАМБЕТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Бүгінде барлығымыз орфограция және жазу ережелерінің бекітілуін күтіп отырмыз. Тіл мамандары бекітіп, қабылдаған соң жұмыстар жалғасын табады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер