Білімге деген құштарлық, адамдарға көмек көрсету. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Зарина Сауытбаеваның ұраны осы. Жас ғалым-биомедик - қатерлі ісікпен күрес жөніндегі халықаралық ұйым грантының иегері. Ол әлемдегі алдыңғы қатарлы медицина мектептерінде тәлім алып, қазір осы бағытта белсенді түрде жұмыс істеп келеді. Қатерлі ісікке қарсы күрестің барлық әдістерін зерделеп, алған білімін іс жүзінде қолдану үшін және Назарбаев Университетінің жас ғалымдарына біліп-түйгенін үйрету үшін Қазақстанға оралды.

ЗАРИНА САУЫТБАЕВА, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

 - Бастапқыда Швейцарияның Базель қаласында цитометрмен жұмыс істеуді үйрендім. Онда жасушалық биологияны зерттедім. Содан кейін Бостондағы Гарвард медицина мектебіне барып имиджстримде жұмыс  жасадым. Кейін қатерлі ісікпен күрес ұйымының стипендиясын иеленіп, Гарвардқа аттандым. Онда үш мәрте болдым. Ол жақта шағын жобамен айналыстық.

Назарбаев Университетінің оқытушысы Зарина Сауытбаева басқа ғалымдармен бірлесіп тоқ ішектің қатерлі ісігін анықтау бағытында жұмыс жүргізуде. Бұл – осы індеттің ең көп таралған түрі. Ауру неғұрлым ерте анықталса, одан айығу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары, дейді маман.

ЗАРИНА САУЫТБАЕВА, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

-  Қазір біз ішектің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастардан сынама алып, зерттеу жүргізіп жатырмыз. Біз оларды әлеуетті биомаркерлер ретінде пайдаланғымыз келеді. Яғни қатерлі ісікті ерте анықтау, аурудың өршу жолын болжау мен ісіктің таралу деңгейін болжау үшін. Сондай-ақ бұл бізге терапияның қаншалықты оң әсер етіп жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл әдіс бұрын қолданылмаған, бірақ келешекте пайдасы зор болуы мүмкін.

Бүгінде қазақстандық ғылым дамудың даңғыл жолына түсті. Зарина Сауытбаева – ғаламдық ғылыми зерттеулердің бастауында тұрған жерлесіміз. Ол ХХІ ғасырдың қауіпті індетін еңсеру үшін білім мен сенім және озық технологиялар қажет деп санайды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер