Латын әліпбиіне көшу

Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі емле ережелерінің тұжырымдамасы биылғы жылдың күзінде таныстырылады. Тіл мамандары әлі де егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін мәселелер бар дейді. Атап айтқанда, латын графикасына көшкенде қазақ тілінің бастапқы морфемасын сақтап қалу өте маңызды. Ол тілдің табиғи үнін жоғалтпауға мүмкіндік береді.

АНАР ФАЗЫЛЖАНОВА, А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Еліміздің үлкен ғалымдары осы концепцияны талқылап мақұлдайды. Осы концепция негізінде ортологиялық құралдар жасалады. Ортологиялық дегеніміз – ол дұрыс жазу нормаларын үйрететін құралдар. Осы концепцияның негізінде латын графикалы жаңа әліпбиіміздің жаңа емле ережелері жасалады. Сондықтан да бұл тұжырымдама қабылдау бәрімізге де маңызды.

Ғалымдардың пікірінше, әліпбидің қабылданған нұсқасы қайта қаралуы әбден мүмкін. Қалай болғанда да, латыншаға көшу процесі кезең-кезеңімен жүргізіліп, 2025 жылға дейін жалғасады. Сонымен қатар салалық министрлік барлық деңгейлерде, соның ішінде мектептер мен жоғары оқу орындарында жаңа әліпбиге көшу кестесін бекітіп қойған.

ҚУАТ БОРАШЕВ, ҚР МСМ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖҰМЫС КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 -  Ең бірінші кезекте тұрған мәселе – ол біздің әліпбидің емле ережесін, яғни орфографиясын бекітіп алу. Бұл бағытта қазір тиісті лингвист ғалымдардың барлығы жұмысқа кірісті. Біз осы маусым айының соңына таман осы емле ережесінің тұжырымдамасын бекітеміз деп отырмыз. Келесі кезеңде біз қыркүйек айында оны Премьер-министрдің деңгейінде өткізілетін Ұлттық комиссия қарауына осы емле ережесінің жобасын талқылауға ұсынамыз деген жоспар бар.

Сонымен қатар ақпараттық жүйелерді де латын қарпіне ауыстыру қажет. Сарапшылар ақпараттық мәтіндерді латын қарпіне техникалық негізде ауыстыруға мүмкіндік беретін бірыңғай бағдарламаны бекітіп, тиісті «Жол картасын» әзірлеуді ұсынып отыр.