Қазақстандағы IT-стартаптар

Қазақстанда стартап жобаларды іске асыруға көп көңіл бөлінуде. Инновациялық жобаларды қолдау мемлекет басшысының «Ұлт жоспары» аясында атқаралып келеді. Енді  Қазақстан қор биржасы стартап жобалары үшін жеке алаңдар ашатын болды. Инновация саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер әлеуетті инвесторлармен онлайн режимінде кездесе алады. «KASE стартап» платформасының жұмысына жеке инвесторлардың және тікелей инвестициялық қорлардың қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл компаниялар бизнестегі жетістіктерін дәлелдеп, қазақстандық қор биржасының талаптарын қанағаттандырып отыр. Сонымен қатар олар ірі бизнес өкілдерінің қызығушылығын тудыру үшін өздерінің IT-жобаларын және қаржылық технологияларын ұсынуға дайын.

ЕВГЕНИЙ МҰХАМЕДЖАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ҚОР БИРЖАСЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:  

 - Байқап отырсақ, бұл жобаларға деген қызығушылық өте жоғары. Қазірдің өзінде 60 қолданушы тіркеліп үлгерді. Олардың  50 – Startup компаниясының өкілдері десек, 10 – инвесторлар. Біз алғашқы стартаптарды тіркеуге кірісіп кеттік. Қазір біздің алаңдарға 4 жоба кірді. Біз олардың деңгейі жоғары екенін көріп отырмыз. Стартаптарды қаржыландыруға сұраныс  шамамен 80 млн теңге.

Ал «Жібек жолы» бағдарламасы аясында қазақстандық өнертапқыштар Қытайдың 17 ірі компаниясына бірегей жобаларын таныстырды. Шетелдік бизнесмендерге «Инновациялық технологиялар паркінің» қамқорлығымен құрылған тың бастамалар ұсынылды.

АСҚАР СЕМБИН, «ИТП» АКҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Астанада шілденің 2-3 күндері «Жібек жолының мегаполистері» деген форум өтеді. Бізді Қытайдың экологиялық стандарттар, тұрақтылықты сақтау бағытындағы тәжірибесі қызықтырады. Мысалы, оларда электромобильдерге ауысу, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жақсы бағдарламалары бар. Бізді негізінен көлік кептелістерінен арылу, ғимараттардың құрылыс мерзімін қысқарту сынды мәселелердің қалай шешілетіні қызықтырады. Қытайдың бұл салаларда мемлекеттік бағдарламалары бар.

IT-стартаптарға қолдау аймақтарда да жүргізілуде. Петропавлда, мысалы, «Start-Up орталығы» жастарға жаңа жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Өнертапқыштар робот техникасы ресурстық орталығында қажетті кеңесті тегін ала алады. Ақпараттық жүйелерді дамытумен айналысатын компания өкілдерінің айтуынша, бүгінде Қазақстанда IT-мамандар жетіспейді. Мұндай орталықтарды құру осы маңызды мәселені шешіп қана қоймай, сонымен қатар инновациялық жобалар санын да ұлғайтады.

АНТОН ЮСИЧЕВ, ІТ МАМАНЫ: 

 - Біздің облысымызда ІТ мамандары ауадай қажет. Қазір Қазақстанда цифрландыру жүріп жатқанын ескерсек, бұл аса өзекті мәселе. Бізге көбінесе шетелде немесе Қазақстанның өзге аймағында әзірленген жобарларды алып келеді. Олар біз үшін қымбат. Сол себепті, біз өз өңірімізге, мекемелерімізге қолжетімді жобаларды ойлап-тауып, ұсынғымыз келеді.

Айта кетейік, «Startup Kazakhstan» бағдарламасы аясында жергілікті және ТМД елдерінен 50-ге жуық инновациялық стартап іріктеліп алынды. Олардың әрқайсысына қаржы бөлінді. Барлығы 2020 жылы 500 инновациялық стартап жобалар қаржыландырылатын болады.