«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Нұржан Жолдыбалинов еліміздегі барлық кітаптардың электрондық нұсқасын жасауға ниетті. IT саласының білікті маманы кез келген оқулық әрбір азаматқа қолжетімді болуы тиіс дейді. Ол Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында азаматтардың білім деңгейін дамыту мақсатында кітапхана саласында бірнеше жобаны жүзеге асырмақ.

НҰРЖАН ЖОЛДЫБАЛИНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ КІТАПХАНА БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - Қазіргі заманауи технология дамып келе жатқан кезде электронды кітаптар қағаз кітапқа көмекші ретінде келді. Өйткені бір кітап қана қалса, сол дананы біз электронды түрде көбейте аламыз. Сонда біз бір оқырманға ғана емес,  кітапты миллиондаған оқырманға ұсынуға мүмкіндік  аламыз.

14 жылдық тарихы бар Ұлттық Академиялық кітапхана қоры бүгінде 2 млн-ға жетеді. Ал солардың ішінде Нұржан Жолдыбалиновтың әзірлеген электронды кітаптар қатары 42 мыңға жетеді. Олардың барлығы Қазақстанда басылып шығарылған. Ендігі кезекте 2020 жылға дейін жоба жеңімпазы еліміздегі барлық кітаптардың электрондық нұсқасын дайындауды көздеп отыр. Ал қазірдің өзінде Ұлттық академиялық кітапханада әр түрлі бағыттағы 15-ке жуық арнайы зал бар. Олар бір мезгілде 500-ден астам оқырманды қабылдай алады.

АРАЙ ҚАДІЛБЕК, КІТАПХАНАШЫ:

 - Біздің кітапханаға келетін оқырмандар санына қарап, қазіргі кезде кітаптардың жоғары сұранысқа ие екенін айта аламыз. Кітапханаға келушілердің саны күннен күнге артуда. Мысалы жұмыс күндері жалпы оқу залына келетіндер саны 120-дай болса, сенбі-жексенбіде олардың саны 200-ге дейін жетуі мүмкін. Ал олардың тапсырыс беретін кітаптарының саны күніне 700-ге дейін жетеді.

Нұржан Жолдыбалинов алдағы уақытта бірегей оқырман билетін жасауға ниетті. Ол құжат арқылы еліміздегі кез келген кітапхана қорымен танысып, жұмыс істеуге болады. Билетке әр азаматтың жеке куәлігіндегі нөмірі жазылады. Осылайша, оқырман қай елді-мекенде болса да, сол аймақтың кітапханасына еш кедергісіз кіре алады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер