«Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы»: Оқу гранттары - Kazakh TV

«Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы» шеңберінде қазақстандық жастар үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашылып отыр. Жоғары оқу орындарына түсу үшін қосымша 20 мың грант бөлінсе, соның 11 мыңы қазіргі таңда сұранысқа ие техникалық мамандықтарға арналған. Яғни ең алдымен, инженерлер, ақпараттық технологиялар, робототехника және нанотехнологиялар салалары үшін кадр даярлауға бағытталып отыр.

РИШАТ РАМАЗАНОВ, ШҚО ТЖКБ ЖӘНЕ БА ОРТАЛЫҒЫ» КММ ДИРЕКТОРЫ:

 - 2017-2018 жылы бітірген түлектердің небары 26% ғана осы гранттармен қамтамасыз етілді. Ал биыл мына Президенттің ұсынған 5  бастамасының арқасында гранттардың саны әлдеқайда көбейтіліп отыр. Бұл біздің облыстағы аумақтық ЖОО жағдайын да ерекше жақсартады деген үміттеміз.

Үлбі металлургиялық зауытындағы уран және бериллий өндірістері үшін кәсіби кадрлар  мұқият таңдалады. Алайда бүгінде өнеркәсіптік аймақта жаңа сандық құрал-жабдықтарда жұмыс істеу машықтары бар мамандар тапшы. Жұмыс берушілердің сұранысына қарай жаңа индустрияландыру форматында жаңа IT-мамандықтар енгізілетін болады. Осылайша, қазақстандық компаниялар мен өңірлік жоғары білім орындарының базасында 20 IT-орталық ашылады деп күтілуде. Ол жерде жыл сайын 35 мың адам біліктіліктерін шыңдай алатын болады.

ВАЛЕРИЯ ГАМУЛИНА, МЕТАЛЛУРГИЯЛЫҚ ЗАУЫТТЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Дәл қазір біздің зауытта инженерлер, технологтар, механиктер мен энергетиктер жетіспейді. Бүгінде біз кадр даярлау саласында ынтымақтастық орната бастадық. Бұл әріптестік ядролық энергетика және уран өндірісі кәсібіндегі жаңа технологиялар бағытында маман даярлауды көздейді.

Жаңа оқу жылында Шығыс Қазақстан облысының жастары үшін облыстық гранттарға қоса, 2,5 мың республикалық грант бөлінеді. Ал Солтүстік Қазақстан облысында бөлінген гранттарға қосымша 29 жаңа мамандық ашу жоспарланған. Сонымен қатар білім гранттарының құны да өседі.

ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚМУ ПРОРЕКТОРЫ:

 - Гранттар көбінесе техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінеді. Ұлттық білім ордаларындағы гранттардың деңгейіне дейін өсірілетін болады. Бұл – өте жақсы. Себебі бөлінетін гранттың құнына техникалық жарақтандыру, оқытушылардың жалақысы кіреді.

Жоғары оқу орындарының басшылары қосымша бөлінетін 20 мың білім гранты жастардың өзге елдің білім ордаларына кету сынды тағы бір мәселені оң шешуге септігін тигізеді деген ойда.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер