«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасымен аударылған 18 кітап таныстырылды - Kazakh TV

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық. Жаңа гуманитарлық білім» жобасымен аударылған 18 кітап ел аймақтарында таныстырылуда. Кітаптарды алғашқылардың бірі болып оқу мүмкіндігіне қарағандылық студенттер ие болды. Жобаның арқасында енді техникалық білім саласын игеріп жатқан студенттер гуманитарлық оқулықтарды ана тілінде оқиды. Жергілікті жоғары оқу орнына  аударылған   кітаптардың 1500 данасы  түсті. Олардың ішінде «Менеджмент», «Тіл біліміне кіріспе», «Қазіргі заманғы психологияға» кіріспе  сынды, ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударылған кітаптар бар.

НҰРСҰЛТАН СӘРСЕНБЕКОВ, ҚМТУ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ:

 - Біз енді техникалық бағыттағы жоғар оқу орны болғанымен, барлық мамандықтағы студенттерге философиядан, әлеуметтанудан, саясаттанудан, дінтану сияқты пәндерден дәріс оқимыз. Бұған дейін көптеген кітаптар орыс тілінде болғандықтан, әрине, бұл кітаптардың аударылуы жақсы жағымды жаңалық болып отыр.

Елбасының тапсырмасымен, әлемдегі ең үздік авторлардың таңдаулы оқулықтарын қазақ тіліне аудару үшін, арнайы жұмыс комиссиясы құрылып, мықты аудармашылар таңдалып алынған еді.  Үздік оқулықтар ақтөбелік жастарға да таныстырылды.

АЙМАН МАҚАНОВА, Қ. ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АӨМУ «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» КЕҢСЕСІНІҢ ЖОБАЛАУШЫ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Оқулықтарды аударуға еліміздегі ең үздік 40 аудармашы маман іріктеліп алынған еді. Бір мәтінді аударуға 3 адам жұмылдырылды. Олардың біреуі оқулықтың  түпнұсқасы жазылған тілді білсе, екіншісі –қазақ тілінің маманы. Ал, үшіншісі – оқулықта жазылған саланың білікті маманы. Бұл оқулықтар 2018 жылдың оқу үрдісіне енгізілетін болады.

Қазақ тіліне тәржімаланған 18 кітап биыл күзден жоғарғы оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізіле бастайды. Ал маусым айының ортасынан kitap.kz сайтына жүктеліп, электронды түрде қолжетімді болады. Сондай-ақ олар бойынша бейнедәрістер жасау ісі қолға алынды.   

НАЗГҮЛ ҚОЖАБЕК, ҰЛТТЫҚ АУДАРМА БЮРОСЫНЫҢ ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бейнелекциялар әрбір оқулық бойынша 25 дәріс түрінде жасалады. Әрқайсысының орыс және қазақ тілдеріндегі нұсқалары болады. Ал оқулықтардың электрондық нұсқалары «ридер» форматында 100kitap.kz сайтында және еліміздің ашық кітапханасының kitap.kz сайтында қолжетімді болады.

Ұлттық аударма бюросы өкілдерінің айтуынша, «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында бүгінде келесі 30 кітап аударылып жатыр. Арасында педагогика, стратегиялық менеджмент, адам ресурстарын басқару, халықаралық бизнес және маркетингке қатысты оқулықтар бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер