«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы - Kazakh TV

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «100 жаңа оқулық» жобасы негізінде қазақ тіліне аударылған кітаптар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне де жеткізілді. Әлемде сұранысқа ие үлгілі оқулықтардан іріктелген 18 кітап мемлекеттік тілде жарыққа шыққаны белгілі. Соның 3,5 мыңнан астам данасы Сыр жастары мен оқытушы, ғалымдардың игілігіне жарамақ. Ақпараттық технология мамандары Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» атты оқулығы жас буынның болашағы үшін қажет дүние екенін айтып отыр.

НҰРЛАН ҚҰЛМЫРЗАЕВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Біздің Қазақстанымыздың алдағы 30 жылда қандай дәрежеде болатынын біз осы кітаптан көре аламыз. Өйткені мұның ішіндегі трендтер халыққа берілген фантастикалық ой болуы мүмкін біреулерге, бірақ мен өзім ақпараттық технология маманымын, сондықтан осының ішіндегі барлық нәрсенінің болатынына сенеміз.

Әлемде сұранысқа ие үлгілі оқулықтар жастар мен оқытушылар, ғалымдардың игілігіне жарамақ, дейді оралдық жастар. Мысалы, болашақ журналистер және осы саладағы қызметін енді бастағандар Ли Энн Пэктің «Медиа Этика» еңбегі арқылы тәжірибе жинақтауға асық.

НИНА ПАВЛЫЧЕВА, ЖУРНАЛИСТ:

 - «Медиа этика» кітабын оқып жүрмін. Жұмысыма қатысты көптеген мағлұмат жазылған. Мысалы Кристиан Грифердің кез келген адаммен тек кейіпкер емес, адам ретінде сөйлес дегені ұнады. Осы кеңесті сұхбат алғанда қолданып жүремін. Енді барша қазақстандық жастар әлемдік деңгейдегі кітаптарды қазақ тілінде оқи алады. Сол үшін де үлкен мүмкіндік.

Атап өтерлігі, жоба шеңберінде гуманитарлық бағыт бойынша әлемнің 100 үздік оқулығын қазақ тіліне аудару көзделген. Уақыт талабынан туындап отырған бастама жастарға әлемдік деңгейдегі озық оқулықтардан білім алуға мүмкіндік беріп, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті маман даярлауға жол ашады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер