Қызылордалық ғалым күріштің тиімді әрі сапалы сұрыптарын жасап шығарды

Қазақстандық агросаланың дамуына белгілі селекционер Александр Подольскихтің қосқан үлесі сүбелі. Ол – 150-ден астам ғылыми еңбектің, 4 патенттің авторы. Талай жылдар бойы Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтында тер төккен ғалым – еліміздің «100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы. Күріштің жаңа, сапалы сорттарын шығаруға атсалысып жүрген азамат тәжірибесімен бөлісуден жалыққан емес. Александр Подольских будандастыру көлемін 10 есе ұлғайту арқылы тиімді сұрыптарды таңдау әдісін жасап шығарды.

ГҮЛМИРА ӘШІРБЕКОВА, «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Ғылымның жолы – өте қиын. Сол жолда Александр Николаевич тек қана сабырлықпен, төзімділікпен, шыдамдылық таныта отырып, жаңа сорттарды дүниеге әкелуге атсалысты. Бұл орайда ол кісінің ғалым ретіндегі Қазақстан ғылымына қосқан үлесін айтпасқа болмайды.

Ғалымның қолтаңбасын әріптестерімен бірге шығарған «Ақмаржан», «Кубань», «Арал», «Айсәуле» секілді отандық күріш сорттарынан көруге болады. Ал соңғы жылдары «Сыр сұлуы» сортын сынақтан сәтті өткізді.

АЛЕКСАНДР ПОДОЛЬСКИХ, ҒАЛЫМ-СЕЛЕКЦИОНЕР:

 - Қазір күріштің сабағындағы дәнінің шығымдылығына ерекше мән беріледі. Мәселен, әр гектардан алынатын өнімді 100 центнерге жеткіземіз дейміз, бірақ сабағындағы дәнінің шығымдылығы 40 пайыздан аспаса, межелі мақсатты еңсеру мүмкін емес. Сондықтан біздің шығарған «Сыр сұлуы» және «Әйкерім» сорттары осы талаптарға толық сәйкес келеді. Ең бастысы – ерекше күтімді қажет етпейді және өңірдің қатал ауа райына да төзімді.

Ғалым еліміздің күрішті аймақтарының ауа райына бейім күріш сорттарын өндіріске енгізуді көздейді.