«Нұр Әлем» - Астана EXPO-2017 көрмесінің ең басты символы, Қазақстанның павильоны. Нысан – диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метрді құрайды. Келушілер Қазақстанның болашақ энергиясы, технологиясымен қатар елдің жетістіктерімен таныса алады. Аты атап тұрғандай «Нұр Әлемнен» шыққан нұрды қаланың кез келген нүктесінен байқауға болады.

Нысан 8 қабаттан тұрады, әр қабат белгілі бір тақырыпқа арналған. Ал әр тақырыппен мультимедиялық және интерактивті технологиялар арқылы танысуға болады. «Нұр әлем» павильонына кірген кісі тамашалауды алдымен 8-ші қабаттан бастайды. Қызық па?

Ендеше, сіздерді әрбір қабатымен таныстырып, қысқаша шолу жасайық!

 

 

 

 

8-ші қабат – «БОЛАШАҚ АСТАНА» деп аталады. Келушілер Астананың өткен тарихы мен 2050 жылға дейінгі болашағына саяхат жасай алады. Алып экраннан шаһар құрылысының қарыштап дамуын бейнелейтен фильмді көресіз. Сондай-ақ, қонақтар үлкен мониторлар арқылы келешекте жүзеге асырылатын жоспарлармен таныса алады. Балалардан бастап, егде жастағы кісілер әсіресе  93 метр биіктікте орналасқан «шыны көпірден» өтуге құмар.

 

 

 

 

7-ші қабат «ҒАРЫШ ЭНЕРГИЯСЫ» тақырыбына арналған. Бұл қабатта ғарыш әлеміне еніп кеткендей әсерде боласыз. Мәселен планетарийда ғаламның дамуы бейнеленген. Онда күн жүйесінің қалыптасуы мен көктегі планеталар ғажап көріністермен суреттелген. «Айда серуендеу» деп аталатын бөлмеде ғарышкерлердің болашақтағы Ай мен Жер арасында қатынайтын кемесі, ай бетінде жүретін машинаны, олардың киімдері мен басқа да дүниелерді көре аласыз.

 

 

 

 

 

 

 


6-шы қабат – «КҮН ЭНЕРГИЯСЫ» деп аталады. Мұнда кәдімгі алып Күн түрінде жасалған қызыл бөлме бар. бөлменің ішіне 6-7 адамнан артық кіргізбейді, кезек күтуге тура келеді. Уақытыңыз зая кетпейді. Өйткені алып қызыл Күн бөлмесінің ішінде интерактивті экран арқылы Күн сәулесінің Жерге қалай түсетінін көресіз. Күн сәулесінің қозғалысы өзен-су, мұхиттің түбімен жүзіп, таулардан, тропиктерден өтіп, саяхатының соңы болашақ қала Астанада тәмамдалады.

 

 

 

 

 

 

5-ші қабат – «ЖЕЛ ЭНЕРГИЯСЫ» деп аталады. Мұндағы ең қызықты инсталяция – Ауа бұрқағы. Ауада қалқып жүретін маталар үздіксіз қозғалыста болады. Бұл мүсін жан-жақтан соғылатын жел арқылы жүзеге асырылады.

Бұдан кейін желдің қуаты мен жылдамдығын қалай пайда болғаны туралы, сондай-ақ, жай жылдамдықтан бастап қатты жылдамдыққа дейінгі желді кәдімгідей денеңізбен сезінуге болатын бөлмеге кіресіз. Өзге де желден энергия алуға болатын түрлі өнертапқыштардың нысандарын кезедестіре аласыз.  

 

 

 

 

 

 

4-ші қабат – «БИОМАССА» деп аталады. Биомасса дегеніміз – күнделікті өмірдегі, қоршаған ортада жиі кездесетін энергия көзі. Ол Күннен энергия алады. Биомасса жанғыш тақтатастар, уран, көмір, мұнай және табиғи газдан кейін қазіргі уақытта қолжетімді энергия көздерінің алтыншы қоры болып есептеледі. Бұл қабат биомасса мен балаларды біріктіретін орталыққа айналғандай. Себебі үлкен монторлар арқылы балалар өсімдіктерді өсіріп, жан-жануарларға, құстарға жем беріп, оларды қорғауға үйренеді. Яғни олар сенсорлы еден үстінде тұрып, қол-аяқтарын қозғалту арқылы жан-жануар бейнесіндегі анимациялық кейіпкерлермен тілдеседі.  

 

 

 

 

3-ші қабат – «КИНЕТИКАЛЫҚ ЭНЕРГИЯНЫҢ» тарихы және оның қолданысы туралы сыр шертеді. «Энергия дөңгелегі» деген экпозицияда екі акробат таңғажайып өнер көрсете отырып, қуат өндіреді. Англиялық инсталяцияда кенетикалық үлкен шар жоғары-төмен қозғалып, механизм жұмыс істейді де соңында  жана бастайды.

 

 

 

 

 

 

 

2-ші қабат – «СУ ЭНЕРГИЯСЫ»  деп аталады. Қабатта қуат өндірудің  кешегі әдісі пен бүгінгі технологиясы және болашақ жобалары таныстырылған. Мұнда келушілер судан қуаттың қалай өндірілетінін көріп қана қоймай, сол процеске өздері де араласады.

 

 

 

 

Ал 1-ші қабатқа «Ұлттық павильон» орналасқан. Бұл жерде келушілер Қазақстанның тарихы, мәдениеті, дәстүрі, көрікті жерлері, сондай-ақ, соңғы жетістіктерімен таныса алады. 

 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер