Дәстүрлі түркі әлемінің музыкасы Астанада өткен «Астана-Арқау» фестивалінде шырқалды

Түркі әлемінің музыкалық мұрасын бағалаушылар «Астана-Арқау» фестивалін тамашалады. Дәстүрлі музыка кешінде алыс-жақын шетелде танымал өнер шеберлерінің орындауында барлық түркі халықтарының музыкасы ұсынылды. Кеште бақсылардың әуендері, көмеймен орындалатын әндер, шаңқобызға арналған керемет композициялар, Орталық Азия мен Қазақстан, Солтүстік Кавказ әндері орындалды.

ҚҰРМАШ ЫБЫШЕВ; ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ ҚАЛИ БАЙЖАНОВ АТЫНДАҒЫ КОНЦЕРТТІК БІРЛЕСТІКТІҢ ӘНШІСІ:

 - Мақсат – ұмытылып бара жатқан, көнеден келе жатқан ескі сарының бәрін қайтадан жарыққа шығару, бір біріне тыңдату. Жалпы айналып келгенде түркі тілдес халықтардың түп тамыры бар сияқты, музыкасында да, орындау мәнерлерінде де.

АЛЁНА ТРАКАЙ, ҚАРАЙЫМ АНСАМБЛІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз түркі халықтарының мәдениетін, дәстүрін, әндерін насихаттау мақсатында осылай күш біріктірдік. Қай тілде сөйлесек те, музыка тілі – бір.

Түркі халықтарының айтулы музыканттары қатысатын «Астана-Арқау» фестивалі – түбі бір түркі халықтардың музыкалық мұрасын насихаттауға арналған мәдени жоба. Айтулы шара елорда төрінде осымен 11-ші мәрте өткізілді. Осы жылдары фестивальге түркі әлемінің 500-ден астам айтулы музыканттары мен белгілі ғалымдары қатысқан.