Елбасының 5 бастамасы: Газдандыру

Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанда газ өндіру көлемі жылына 8 миллиард текше метрден 52 миллиардқа дейін ұлғайды. Көгілдір отын аймақтардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, экологияның сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Елді мекендерді газдандыру – Елбасының көтерген бес бастамасының бірі. Ақтөбе облысында газдандырудың мульт­и­пли­ка­тивті әсері қазірден байқалуда.

БАНУ ТІЛЕГЕНОВА, КӘСІПКЕР:

 - Газ пештерін орнатып, біз біраз қаражатты үнемдедік. Шаруашылықты электр қуатымын жылытуды әлдеқайда қымбатқа түсер еді. Оның құны газ бағасынан бірнеше есе қымбат. Газ жүргізілген соң бұл жерде жылыжай, құс фермасы сияқты шағын бизнес түрлерін жүргізуге болады.

Ақтөбе облысындағы жалпы газ құбырының тарамы шамамен 6 мың 270 шақырымнан асады. Жыл сайын бұл көрсеткіш артып келеді. Мәселен, өткен жылы басталған Жазық және Аралтөбе ауылдарында газдандыру жұмыстары биыл аяқталуы тиіс.

НҰРТАЙ СЕРТАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТКШ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазір Ақтөбе облысындағы 375 елді мекеннің 115-нде газ бар. Бұл жерлерде 753 мың халық тұрады. Биыл құны 6 миллиард 700 миллион теңге болатын 19 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

Көгілдір отынның қоры орналасқан Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы «Бозой» жерасты газ қоймасының сыйымдылығы үш миллиард текше метр, сонымен қатар, қоймада ірі газ кептіру қондырғысы бар. Бұл құрылғы 6 ай бойы, яғни 150 күн жиналған үш миллиард текше метр газды кептіріп, өндей алады. Тәулігіне 3 миллионын тұтынушыларға жөнелтуге қауқарлы. Былтыр жөндеуден өткен қойманың көлемі 2020 жылға дейін тағы бір миллиард текше метрге өсуі тиіс. Бұл «Бейнеу-Бозой-Шымкент» құбыры арқылы сапалы көгілдір отынмен оңтүстік өңірлерді кең қамтуға мүмкіндік береді.