Қазақстан-Польша: Білім саласындағы әріптек

Қазақстан мен Польша ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті. Варшавада қос ел университеттері ректорларының басқосуы өтті. Форумға барлығы 200-ге жуық делегат жиналды. Қазақстан тарапынан 20 жоғары оқу орнының басшылары қатысты. Ректорлар, декан, профессорлар және сарапшылар білікті кадрлар даярлауға қатысты өз ойларын ортаға салды. Айтуларынша, төртінші индустриялық революция дәуірінде робот техникасы, нано және ақпараттық технологиялар салалары үшін және инженерлік бағытта маман даярлау өте маңызды. Сондай-ақ оқу орындары бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіп, білім бағдарламаларын әзірлеу бойынша тәжірибе бөлісу туралы уағдаласты. Келешекте Қазақстан мен Польша университеттері академиялық ұтқырлық бойынша студенттер мен оқытушылар алмасуды арттырмақ ниетте.

БАҚЫТ ЖӘУТІКОВ, ҚАРАҒАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ИНДУСТРИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

 - Бүгінгі форумда нақты ынтымақтастық мәселелері көтерілді. Қазақстан мен Польшаның жоғары оқу орындары арасындағы өзара келісімге қол қойылып жатыр. Әрбір университет өз даму бағытын белгілеген. Әрбір оқу орнында Қазақстан мен Польшаның ерекшеліктерін ескеретін ондаған жаға бағдарлама бар. Біз әлем елдерінің маман даярлау саласындағы ең пайдалы, ең озық тәжірибесін зерделеп, меңгеруге, өзімізде енгізуге тырысып жатырмыз.

ВАЛЬДЕМАР СИВИНЬСКИ, БІЛІМ БЕРУ ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазақстан – өте қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Онда білікті мамандар мен жақсы идеялар бар. Біз осы идеяларды ғылым саласында Қазақстан мен Польша арасында біріктіргіміз келеді. IT-технология, компьютерлік ғылым және математика бағыты бойынша бірлесіп дамытуға қызығушылық танытып отырмыз. Өйткені Қазақстанның да, Польшаның да жоғары оқу-орындары бұл салада көптеген белестерді бағындырған. Серіктестікті тереңдетуге ниетіміз мол.