Жері шұрайлы, табиғаты қолайлы Оңтүстік Қазақстан облысында қарқынды баубақша аумағы ұлғайтылады. Ерте көктемнен айналаға сән беретін жеміс ағаштарының гүлі ақ ұлпадай үлбіреп тұр. Аймақта жеміс-жидек пен жүзім алқабы 29 мың гектарға жетті. Ал алма бағының көлемі жыл сайын артып келеді. Бұнда негізінен «Гала голден делишес» деген италиялық сұрып егілген.

ЕРҒАЛИ КАМАЛОВ, ШАРУАШЫЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл бірінші еккен жылы гектарына 5 тонна өнім береді. Ал екінші жылы гектарына 10 тоннадан, үшінші жылы биыл 40 тонна жеміс аламыз деп үміттеніп отырмыз. 

Биыл бағбандар қарқынды бау көлемін тағы да 10 гектарға ұлғайтыпты. Енді шаруалар бастапқыдағыдай көшетті Италиядан тасымайды. Шетелдік сұрыпты өздері өсіріп, өзге шаруашылықтарға сатады. Бүгінгі күні сондай 100 мың көшет дайын тұр.

Мұндағы 16 гектар алқапқа 1 жылдық дайын көшеттер отырғызылған. Оларды тамшылатып суарады. Сумен бірге түрлі дәрумендер беріледі. Одан соң көшеттің түбіндегі артық жапырақтары жұлынып тасталады да, негізгісі қалады. Көшет содан өсіп шығады. Шаруашылық биыл 5 гектар жерге шие ағашын отырғызыпты. Бұндағы әрбір түп ағашының күтімі жақсы болса, 200-300 келіге дейін жеміс береді. Оның үстіне ерте пісетін шие өніміне сұраныс та жоғары.

ҚАЙРАТ ЖҮСІПОВ ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

 - Қазақстаннан әрі қарай Ресейге шығарамыз, мысалы Оңтүстік Кореядан келіп алып кетіп жатқандарды естідім. Енді сол шетелге шығаруға әрекет етіп жатырмыз.

Мемлекет тарапынан шаруаларға қарқынды баудың әр гектары үшін 1 млн 200 мың, апортқа 700 мың, ал жәй баққа 375 мың теңге субсидия төленеді. Биыл қарқынды бау-бақша аумағы 3800 гектарға жеткізілмек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер