Қазақстанның ветеринарлық қызметі талапқа сай

Халықаралық эпизоотия бюросының сарапшылары Қазақстанның ветеринарлық қызметін бағалайды. Еске сала кетейік, Қазақстан аталмыш ұйымға 1993 жылдан бері мүше болып келеді. Ветеринарлық қызмет жұмысына талдау бес жылда бір рет жүргізіледі. Сарапшылар Қазақстанның аусыл ауруымен күрес шараларының оң нәтиже беріп, бұл вирустан ада мемлекет деп жарияланғанын атап өтті. Отандық мамандар соңғы бес жылда елімізде бұл салада ауқымды жұмыстар атқарылғанын баяндады. Атап айтқанда, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті құрылып, аудандық станциялар мен пунктер ашылды. Ветеринария саласындағы заңнама халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Осыған дейін сарапшылар оңтүстік өңірлерде болған. Ендігі кезекте, Ақмола, Қарғанды, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы қызметтердің жұмысын бағаламақ. Халықаралық эпизоотия бюросы оң баға берсе, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері өндірушілерге экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

НИКША БАРИШИЧ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭПИЗООТИЯ БЮРОСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Ветеринариялық қызметтердің халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтініне сенімді болуымыз керек. Осы ретте Қазақстанның әлеуеті зор әрі әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндігі де жетерлік. Ол үшін ветеринария саласында нақты қадамдар қабылдануы тиіс.

ТҰРСЫН ҚАБДОЛДАНОВ, ҚР АШМ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл сарапшылардан алынған оң баға келешектегі жұмыстарға, экспортқа өнім шығаруда қосымша кепілдік болып табылады. Бұл тұжырымдамалар, ұсыныстардың барлығы бізде соңғы миссия 2011 жылы болған. Осындағы берілген ұсыныстарға мақсатты шара жүргізілген.