Қазақстан-Франция: Мәдениет, өнер, білім салаларындағы әріптестік

Қазақстан мен Франция мәдениет, өнер, білім салаларында әріптестікті нығайтуға аса ден қойып отыр. Бұған Франциямен Қазақстанның «Абай-Верн» бағдарламасын бірлесе жүзеге асыруға келісуі дәлел. Биылдан бастап 100 қазақстандық магистрант пен докторантқа Францияда білім алуға грант бөлінетін болады. Магистранттар 10 ай, докторанттар 3 жыл оқымақ.

ФИЛИПП МАРТИНЭ , ФРАНЦИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Мамыр айының 31-не дейін қазақстандық жастар бағдарламаға қатысуға өтініш жібере алады. Барша Қазақстаннан үздік үміткерлерді таңдаймыз деп сенемін. Бұған дейін барлығы 10 грант болатын. Биылдан бастап ерлерге 50 және қыздарға дәл осынша грант қарастырылып отыр.

Бағдарлама жас зерттеушілер арасындағы байланысты нығайтып, үздік зерттеу орталықтарымен әріптестік орнатуға мүмкіндік береді, - дейді елші. Қазақстандықтардың ЖОО-дарында ғана емес, француз мектептерінде де білім алу мүмкіндігі бар. Мұндай сыныптар елордадағы «Мирас» мектебінің аясында жұмыс істейді. Енді мектепті кеңейту жоспарлануда. Елшілік ұйымдастырған қайырымдылық кешінің  мақсаты осыған қаражат жинау болды.

СОФИ БРЕАН, ШАРЛЬ ДЕ ГОЛЛЬ-МИРАС ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФРАНЦУЗ МЕКТЕБІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бүгінгі шара арқылы біздің мектептің ерекшеліктері мен артықшылықтары жайлы айтпақ болдық. Қазіргі таңда біздің мектептің жаңа атауы мен логотипі жасалды. Қазақстандықтар тарапынан француз мәдениетіне деген қызығушылықты байқап отырмыз. Сондықтан Астанадағы халықаралық мектептер тарапынан бәсекелестікке сай болуға барымызды салудамыз.

ӘСЕЛ АМАНОВА, ШАРЛЬ ДЕ ГОЛЛЬ-МИРАС ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФРАНЦУЗ МЕКТЕБІНІҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бұл мектепте балаларды 3 жастан оқыту қарастырылған. Францияда 3 жастан бастап оқу бағдарламасы әзірленген. Бұл жастағы балалардың өздерінің табельдері, яғни бағалары болады. Осы нәтижелермен мектепке келеді. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі бұл тәжірибеге қызығушылық танытып отыр.

Франция тарапымен өнер саласындағы ынтымақтастықты нығайту да басты назарда. Франция мен Қазақстанның суретшілері мен дизайнерлері ортақ жобаларды жүзеге асыруда. Франциялық стилист Ламин М өзін көшпенділердің философиясы шабыттандыратындығын айтады. 

ЛАМИН М, СУРЕТШІ, СТИЛИСТ, ФРАНЦИЯ:

 - Бұл жобада барлық Орталық Азияны көрсетуге тырыстым. Әрбір көйлек жаһандық проблемаларға арналған. Мысалы ағаштардың жойылуы сынды мәселелерге көңіл аудартпақ болдық. Ал дәл мына көйлекті алматылық дизайнер Мирэль Маратпен бірге жасадық. Ол арқылы Қазақстанның фетрдың ірі өндірушісі екенін көрсетуге тырыстық. Бұл материал киіз үйді безендіруде қолданылады.