Жапонияда Қазақстанға арналған көрме өтті - Kazakh TV

Қазақстанның бір бөлігі Жапония жүрегінде. Токионың орталық кітапханасында қазақтың төл мәдениетімен танысып, Ұлы Дала көшпенділерінің рухын сіңіруге болады. Күншығыс елінде Қазақстанға арналған көрме өтіп жатыр. Мұнда халқымыздың ұлттық киімдері, музыкалық аспаптары, ақын-жазушыларымыздың және Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары, жалпы саны 200-ден аса басылым ұсынылды. Бұл еңбектерді өткен жылы Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасы Токиодағы орталық кітапханаға тарту еткен. Сондай-ақ қонақтарға арнап ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Олар жаңа піскен еттен, бауырсақтан дәм тата алды. Көрме аясында «Жаужүрек мың бала» фильмінің көрсетілімі және дәстүрлі қазақ музыкасының концертін өткізу жоспарланған. Экспозиция маусым айының ортасына дейін жалғасады.

НАОМИ УЭДА, КӨРМЕ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - Пайдалануымызға берілген бағалы кітаптар мен деректер үшін Қазақстанның ұлттық академиялық кітапханасына алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ осы көрмені ұйымдастыруға көмек берген Қазақстан елшілігіне де көп рахмет. Бұл шара елдеріміз арасындағы достық қатынасты одан әрі нығайтатынына үміттімін.

ХИКАРУ КАВАКАМИ, КӨРЕРМЕН:

 - Маған фотокөрме өте ұнады. Кең даласы, биік таулары, ғажайып көлдері бар Қазақстанның табиғаты керемет. Астананың келбетінен де әсерлендім. Қазақстанда ұлттық дәстүр мен мәдениеттің қазіргі заманғы идеялармен өзара сабақтас екенін байқадым. Осы көрмеге келіп, сіздің елге баруға ынтам оянды. Жақын арада біздің елдеріміз арасында тікелей рейс ашылатынына сенімдімін.

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер