Қазақстан жайында төрткүл дүниеге жар салу. «Kazakh TV» тұңғыш ұлттық спутниктік арнасы Орталық Азия кеңістігіндегі телеөндірістің халықаралық ақпарат жүйесіне жол ашқан көгілдір терезесіне айналды. Елімізде баламасы жоқ осынау бірегей медиаресурс арқылы әлем жұртшылығы Қазақстанның тарихы және  мәдениеті, туристік әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығы жөнінде кең мағлұмат алып жатыр. Мемлекетімізді мекен еткен ұлт пен ұлыс өкілдеріне тарихи отанымен байланыс құралына айналды. «Kazakh TV» арнасының қазақстандық телевизия саласының жылнамасында алатын орны ерекше. 2002 жылдың 25 қазанында «Caspionet» атауымен алғаш рет эфирге шығуы еліміздің жерсеріктік хабар таратуға қадам басқан тарихи сәті болды. Бүгінде әмбебап арна қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде бірдей телеөнім шығарады. 

ГҮЛНАР ИКСАНОВА, «ХАБАР АГЕНТТІГІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРӘЙЫМЫ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ, ПРЕДСЕДАТЕЛЬ ПРАВЛЕНИЯ АО «АГЕНТСТВО ХАБАР» /1997-2011 ГГ./:

 - Қазақстан алғаш рет «HotBird» халықаралық жерсерігіне шықты. Бұл Қазақстан мен шекаралас жатқан елдердегі жаңалықтарды таратудың заманауи ақпараттық тұжырымдамасының қалыптасуына жол ашты. Неліктен «Каспионет» деген атау берілді? Себебі ол кезде Каспий теңізінің жағалауындағы мемлекеттердің бірінде де спутниктік арна болмады. Бұған қоса ағылшын тілінде ақпарат жасаудың алғашқы мүмкіндігі туды. Бұл отандық телевизия саласының үлкен жетістігі болды.

16 жылдың ішінде арнаның ақпарат тарату көкжиегінің аясы кеңейді. Ірі жерсеріктік аппараттардың арқасында бігінгі таңда «Kazakh TV» 4 құрлықтағы 118 елдің көрермендеріне қолжетімді. Қазір аймақтағы бірегей медиаресурстың аудиториясы 5,1 миллиард адамды құрайды. Эфирде елімізде болып жатқан қоғамдық-саяси өмірдің басты жаңалықтары және тарих, мәдениет, туризм және экономика бағытында жасалған танымдық теле бағдарламалар. Арнаның контенті – 100 пайыз отандық өнім. Бүгінде «Kazakh TV» арнасында жүргізуші, тілші, редактор, продюсер сынды теле өндіріске қажетті кәсіби мамандар ұжымы еңбек етеді. Қатарда сырт елдерге ақпарат таратуды жеңілдете түсетін шетелдік мамандарда қызмет жасайды.

ДЕННИС КИН, ТІЛШІ, «DISCOVERING KAZAKHSTAN» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖҮРГІЗУШІСІ /АҚШ/:

 - «Kazakh TV» мен өмірімде көрген арналардың біріне де ұқсамайды. Кез-келген мемлекет өзіне бұндай ақпараттық тұғырнама жасай алмайды. Авторлық жобамды Қазақстанда отырып өзге аймақтарға тарату мен үшін үлкен мәртебе.

Бір жыл бұрын «Kazakh TV» арнасы енді бір мәрте бірегейлілігін танытты. Былтырдан мұнда көп арналы ақпарат беру жүйесі ендірілді. Бұл да Орталық Азия төңірегіндегі тұңғыш бастама. Енді ондағы дыбыстық тарату жолдары қазақ, орыс, және ағылшын тілдерінде қатар жүреді. Толыққанды ағылшын тіліндегі ақпарат беру арнаның көрермендер аудиториясын кеңейте түсті.

САНДУҒАШ РАҚЫМЖАНОВА, «KAZAKHTV» АРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ :

– Алдағы мамыр айының бірінен қырғыз тіліндегі дыбыстық жолды қосатын боламыз. Ал күзде өзбек тілі қатарға енеді деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде 100 ден астам ел аумағында 5 бірдей дыбыстық жол арқылы ақпарат тарататын боламыз. Арнаның жыл сайын аудиториясы кеңейіп келеді. Өзге елдердегі әріптестермен тығыз қарым-қатынаста  жұмыс жасаймыз. Биыл бұл орайда Орталық Азия аумағына басымдық берілді. Қазірнгі таңда тек Қазақстан ғана емес өңірдегі басқа мемлекеттер жайында баян ететін телебағдарламалар әзірленуде.  

Медиа әлеміне аяқ басқалы «Kazakh TV» арнасы көптеген креативті жобаларды жүзеге асырып келеді. Бірқатары халықаралық байқаулардың үздік бағасын иеленді. Кезінде имидждік жоба болып іске қосылған «Kazakh TV» арнасы бүгінде шетелдегі еліміздің айнасы іспетті ақпараттық брендке айналды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер