Қазақстанның туристік әлеуеті Қытайда таныстырылды

Қазақстанның туристік әлеуеті Қытайда таныстырылды

Қазақстанның туристік әлеуеті Қытайда таныстырылды. Шетелдік туризм мен саяхаттау халықаралық көрмесіне қазақстандық 12 тур агенттігі, Алматы әкімдігі мен «Kazakh Tourizm» ұлттық компаниясының өкілдері барды. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары Астана мен Алматыда іскерлік туризмнің көрсеткіші артқан. Адамзат баласы тұңғыш ғарышқа аттанған Байқоңыр айлағын көруге ниет танытқандар да көп. Сондай-ақ Қазақстанның тұмса табиғатын өз көзімен көріп, көрікті жерлерді аралауды мақсат еткен саяхатшылар да жетерлік. Бейжіңдегі көрме барысында екі мемлекеттің туристік операторлары бірқатар келісімге қол қойды. Қазақстан павильоны көрмеге қатысушыларды қазақтың мәдениеті және салт-дәстүрлерімен таныстырды, «Шашу шашып», «Қара жорға» биімен көпшіліктің назарын аударды. Әсіресе, «Қазақ батырларының» келбетіне тамсанып, суретке түсушілер көп. 

ҚАЙРАТ СӘДУАҚАСОВ, «KAZAKHTOURISM» ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қытай азаматтарына 72 сағаттық визасыз тәртіп алғаш рет «Экспо-2017» халықаралық көрмесі кезінде берілген. Қазір осы тәртіп қайтадан енгізілді. Қорытынды жасауға әлі ертерек. Дегенмен біздің компаниялар мүмкіндікті пайдаланып, көршілес елден келетін қонақтар үшін 72 сағаттық турлар әзірлеп қойды.

ЦЗЯН ДОН, ҚЫТАЙЛЫҚ ТУРИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Мен Жібек жолы басталатын Хэнан өлкесінен келдім. Ал Қазақстан Ұлы Жібек жолындағы маңызды мемлекет. Соңғы жылдары елдеріңіз туризм саласын жақсы дамытып жатыр. Бүгін арнайы әріптестік орнатайын деп келдім. Өзара бірлікте жұмыс істесек, қос тарапқа да тиімді болады.