Науаи қаласында Қазақстанның білім күндері өтті

«Қазақстанның білім күндері» Науаи қаласында. Өзбекстанның көне шаһарында мектеп бітіруші талапкерлерге арналған көрме өтті. Білім жәрмеңкесінің бұл аймақта өткізілуінің өзіндік себебі бар. Өйткені өңір жастарының Қазақстанда білім алуға деген ынтасы жоғары. Облыс халқының саны 900 мыңнан асады, оның 100 мыңға жуығы – қазақтар. Науаидегі 100-ге жуық білім беру мекемесінің 30-дан астамы – қазақ мектебі. Бағжан Оралбаева биыл Тамдыдағы агроэкономикалық колледжді тәмамдайды. Тәлімгер білімін ата жұртындағы жоғарғы оқу орынында жалғастырмақшы. Ол көрмеден өзіне қажетті мәлімет алып, таңдауын жасады.

БАҒЖАН ОРАЛБАЕВА, ТАМДЫ АГРОЭКОНОМИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ТӘЛІМГЕРІ:

- Мен Қостанай облысындағы педагогикалық институтына құжатымды тапсырмақшымын. Яғни ағылшын тілі факультетіне. Қазақстан республикасына ата жұртымда ағылшын тілі пәнінің мұғалімі атанып, ары қарай болашағымды жалғастырғым келеді.

Жәрмеңкеде елімізден 30-ға жуық  жоғарғы оқу орындары білім алу мүмкіндіктерін таныстырды. Жетекші білім ордаларының  өкілдері жергілікті жастарға өз жетістіктері мен озық тәжірибелерін көрсетті. Шетелдік студенттерге арналған жеңілдіктер де түсіндірілді. Жәрмеңкеге жиылған жастар бакалавриат, магистратура, доктарантура мамандықтары мен бағдарламалары туралы кеңінен мағлұмат алды.

ЮЛДУЗ САЙДУЛЛАЕВА, НАУАИ КОЛЛЕДЖІНІҢ ТӘЛІМГЕРІ:

- Көптеген жеңілдіктері бар екен. Біз ол жаққа барып оқысақ тегін жатақхана мен стипендия төленеді, дейді. Егер жоғары балл жинасаң грантқа түсуге болады. Осы жақтары маған қатты ұнады. Біз өте қуаныштымыз.

Көрме аясында екі елдің төрт бірдей оқу орны өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Айта кетейік, Халықаралық бағдарламалар орталығы жалпы бұған дейін дәл осындай бірнеше білім жәрмеңкесін Қытайда және басқа елдер де ұйымдастырған. Бүгінгі күні 14 мың шетелдік жас Қазақстанда мамандық игеруді жөн көрген.