Қазақстанға ғашық саяхатшы - Kazakh TV

Қазақстанға ғашық саяхатшы. Америкалық кәсіпкер, филантроп Дэвид Валера өзгелерге өзін қазақ деп таныстырады. Тіпті, Нью-Йорктен Астанаға көшуге дайын. Ол биыл жаз ортасында өзі сияқты саяхатшылардың басын қосып, Қазақстанға сапарлап келуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде 40 америкалық турист Ұлы дала елін өз көзімен көруге ниет танытыпты. Олар Қазақстанның тарихымен,  мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен жақынырақ танысып қайтпақ.

ДЭВИД ВАЛЕРА, НЬЮ-ЙОРК ТҰРҒЫНЫ /АҚШ/:

- Мен АҚШ-тан 40 турист жинадым. Бәріміз бірге шілденің 17-інде Қазақ жеріне аяқ басамыз. Бізге қосылғандардың арасында жақын достарым бар. Мен жыл бойы оларға тамаша қазақ елі туралы әңгімелеп келдім. Көп адамның Қазақстан туралы білетіні аз. Сондықтан мен саяхатшыларға Қазақстанды, ондағы тұрмыс-тіршілікті өз көзімен көруді ұсындым. Бұл жобаның туристік компаниялардан ерекшелігі біріншіден, жергілікті халықпен етене-жақын болуға тырысамыз, қазақ отбасыларына қонақ болмақпыз. Келген қонақтар тұрғындармен арқа-жарқа араласып, қазақтың салт-дәстүрін өз көздерімен көріп кетуі керек.

Дэвид Валера Wall Street-те жұмыс істейді, кеңсесі Манхэттендегі ең танымал Рокфеллер орталығында орналасқан. Бірақ қолы қалт еткен кезде уақытының көп бөлігін Қазақстанда өткізетіді. Ол қазақ елінде ерекше қонақжайлылық пен жылы атмосфера бар екенін атап өтті.

 

ДЭВИД ВАЛЕРА, НЬЮ-ЙОРК ТҰРҒЫНЫ /АҚШ/

Мен әлемнің 60-тан аса елінде болдым. Бірақ Қазақстандағы халық ерекше, олар көпшіл, қонақжай келеді. Мен америкалықтарды экономикалық жетістікке жеткен, технологиясы дамыған, ұлттық болмысы сақталған жас мемлекетпен таныстырғым келеді. Қазақтардың ұлттық тағамдарынан дәм татып, тұрмысымен таныстрысам деймін.

Атап өтейік, кәсіпкер 13-17 жас аралығындағы оқушылармен жұмыс істейтін америкалық «Clobal Leadership» компаниясымен келісімшартқа отырды. Ұйым балаларды жан-жақты дамуға, білім көкжиегіне терең бойлауға дағдыландырып, жыл сайын әртүрлі елдерге демалысқа жібереді. Тізімде Қазақстан да бар.  

ДЭВИД ВАЛЕРА, НЬЮ-ЙОРК ТҰРҒЫНЫ /АҚШ/:

- Америкалық студенттер еріктілер тобына мүше болып Қазақстанға бара алады. Олар елге барып тек жұмыс істеп қоймай, сол елдің ішкі өмірімен, салт-дәстүрімен кеңінен танысады, сонымен қатар, еріктілер жұмысын да атқарады. Жергілікті халыққа ағылшын тілін үйретеді. Бұл туризм 100 пайыз Қазақстанға бағытталып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер