Қазақстан мен Қытайдың университеттері бірлескен ғылыми зерттеулер жасамақ

Қазақстан мен Қытайдың жоғары білім саласындағы ынтымақтастығы беки түсті. Бірінші кезеңде екі елдің университеттері бірлескен ғылыми жобалар жүргізуді жоспарлап отыр. Еуразия Ұлттық Университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Бейжің Униыерситетінің әкімшілігімен кездесуде осы мәселелерді пысықтады.

ГУАНЬ ГУЙХАЙ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бізге тұрақты даму бағыттарды тиімді әрі ұтымды жолмен үйлестіретін  сарапшылардың бірлескен зерттеулері қажет. Сондықтан алдымен осы бағытта әріптестік орнатуға болады.

Осы ретте Ерлан Сыдықов Ұлы Жібек жолының тарихын зерттеу үшін бірлескен археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге болатынын айтты. Оған екі елдің жас мамандарын тартуды ұсынды. Елден барған делегация Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығының белсенділерімен кездесті. Атап өтерлігі, қазір Шығыстағы үлкен көршімізде 14 мыңнан астам қазақ студенті бар. Соның 2,5 мыңы Бейжіңде білім алып жатыр. Белсенді жастар Қазақстан басшысының Халыққа Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасынан жақсы хабардар. Олар осы тақырыпқа арналған жиында қызу пікір алмасты.

МАКСИМ ОВЧИННИКОВ, СТУДЕНТ:

- Президенттің тапсырмасымен осындай үлкен гранттар бөлініп, техникалық бағытты дамытуға баса назар аударылғаны қуантарлық жайт. Қазақстанда өнеркәсіп пен өндірісті өркендету қажет.

Максим Овчинников «авиациялық қозғалтқыштарды жөндеу» мамандығында магистратура дәрежесінде білім алып жүр. Ол Қазақстанда техникалық мамандықты оқытуға мән беріле бастағанын жоғары бағалайды. Елбасы бес әлеуметтік бастамасында инженерлер, ақпараттық технология, роботтехникасы саласына қажет мамандар дайындауға баса назар аударған болатын.