Қазақстан мен Латвия транзиттік және көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ - Kazakh TV

Латвия – Қазақстанның сенімді серіктесі. Еліміз бұл мемлекетті Балтық өңіріндегі Еуразиялық көлік дәлізінің ірі көлік торабы деп санайды. Содан болар, транзиттік және көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайту Қазақстан-Латвия екіжақты қарым-қатынастарының маңызды бағыттарының бірі саналады. Соңғы бірнеше жылда екі ел арасында контейнер тасымалының ұлғайғаны байқалады. Екі жақтың мақсаты – жүк ағынын көбейту және Қытай мен Еуропа арасындағы «Жаңа Жібек жолында» әріптестікті арттыру. Бұл туралы тараптар Ригада көлік саласындағы ынтымақтастықты жолға қоюға бағытталған жұмыс комиссияның отырысында сөз етті.

РОМАН СКЛЯР, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- 2017 жылы Латвияға енгізілген және шығарылған жүк көлемі 133 мың тоннадан асқан. 2016 жылмен салыстырсақ, көрсеткіш 72 мың тоннаға ұлғайған. Бұл әрине өте маңызды көрсеткіш. Біз өзіміздегі мүмкіндікті мейлінше тиімді пайдаланып, екі ел арасында контейнер жүк айналымы мен контейнер ағынын арттыруымыз қажет. Яғни, елдер арасындағы контейнерлік ағындар мен тауар айналымын мейлінше еселегеніміз дұрыс.

Көлік саласындағы әріптестіктің басты жетістігі – Қазақстан мен Латвия арасында тікелей әрі тұрақты әуе тасымалын қайта  жаңғырту болып отыр. Аптасына үш рет ұшатын ұшақ осы жылдың сәуір айының соңында Ригадан Алматыға алғаш рет шығады. 

СВЕТЛАНА АБАШКИНА, АIRBALTIC СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР ЖӨНІНДЕГІ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

- Қазақстанның тарихы бай, табиғаты көркем. Халық Еуропаны жан-жақты аралап, зерттеп қойғандықтан, бұрыннан таныс  бағытқа қайта оралу – бірегей ұсыныс болып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мен Латвияның жоғары сапалы көлік инфрақұрылымы тасымал жүйесінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Ал бұл жеткізу шарттарының төмендеуіне әсер етпек. Жүк Балтық–Скандинавия нарығы үшін Қазақстанға шығатын теңіз порты арқылы өтеді. Өз кезегінде Латвия Қазақстан арқылы Орталық, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тауарлар тасымалдайды. Екі тарап сарапшыларының пікіріне сүйенсек, серіктестік серпінін нығайту тауар айналымы әлеуетін арттырады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер