«Бабалар ізімен» экспедициясы Жапонияда - Kazakh TV

«Бабалар ізімен» экспедициясы Жапонияда. Ғылыми-зерттеу тобы Дешті Қыпшақтан шыққан жаужүрек жауынгерлер туралы тың деректер іздемек. 1274 жылы Шыңғыс ханның немересі Құбылай хан 100 мың әскерді жұмылдырып, Күншығыс еліне жорық ұйымдастырғаны тарихтан белгілі. Кемемен қазіргі Оңтүстік Корея жақтан шығып, Жапон елінің оңтүстігіне беттейді. Әскери топ теңіз дауылына тап келіп, сәтсіздікке ұшырайды. Бірінші жорық нәтижесіз болады, екіншісінде де жеңіске жетпейді.

САПАР ЫСҚАҚОВ «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ТАРИХИ-ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Жапон елі әуелден жабық ел болды. Сыртқа өздері көп шыға қойған жоқ. Ішке ешкімді кіргізген жоқ. Олар негізінен Қытай, Корея және Оңтүстік Азия елдерімен байланыста болған. Бірінші сондай соғыс жағдайында шабуыл жасаған бұл моңғолдар, Юань династиясы болды. Юаньши деген қытайлардың қолжазбаларында жазылған, моңғолдардың армиясының басқарушылары моңғолдар болды. Одан кейін біздің бабалар болды. Мысалы, Тутук дейді, Байтемір. Олар өте жоғары деңгейге дейін жетеді. Императордың оң қолы дәрежесіне дейін жетеді.

«Бабалар ізімен» экспедициясының мүшелері Токиода жапон ғалымдарымен кездесіп, мәлімет алмасты. Күншығыс елінің тарихшылары екі елдің өткеніндегі ортақ тұстарды бірлесіп зерттеуді жоспарлап отыр.

ЙОККАИЧИ ЯСУХИРО, РИККИО УНИВЕРСИТЕТІ ТАРИХ БӨЛІМІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

- Құбылай ханның жорығына қатысты тың деректерді зерттеп жатырмыз. Былтыр біз жаңа мәліметтерді таптық. Теңіздегі дауылдан кейін 100 мыңдық моңғол әскерінің 30 мыңы Жапонның бір аралына келіп бекінген екен. Олар туралы бұған дейін дерек жоқ болатын. Бұрынғы тұжырымға қарамастан қазір олардың ішінен аман қалғандар да болған деген болжам бар. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек.  Қазақстан мен Жапония арасындағы тарихи-мәдени байланыстарды күшейту қажет деген ойдамын.

Дешті Қыпшақтың бай тарихи-мәдени мұрасын зерделеуді мақсат еткен ғылыми экспедиция алдағы уақытта Құбылай ханның Жапонияға әскери жорығын хронологиялық және оқиғалық жағынан толықтай жаңғыртпақ. Бұл үшін экспедиция мүшелері тарихи шайқастар өткен орындар мен моңғол әскерінің жүріп өткен жолымен сапар шегеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер