Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі өсті - Kazakh TV

Қазақстан экономикасына құйылатын тікелей шетелдік инвестиция көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Тек биылдың алғашқы тоқсанында ғана тартылған қаржы көлемі 70 пайызға өсіп, бір миллиард теңгеден асып жығылды. Мамандар бұл көрсеткіштің өсімін елімізде кешенді түрде жүзеге асырылып жатқан индустриялық бағдарламамен байланыстырып отыр.  Инвестиция және даму министрлігінің мәліметінше, жыл басынан өндіріс саласының қазынасы 850 миллиард теңгеге толығыпты. Бұл барлық инвестицияның 71 пайызын құрайды. Мамандар мұндай жетістікті Қазақстанның халықаралық жобаларға атсалысу ниетінің нақты іске асырылуымен байланыстырады. Мәселен, қазіргі таңда Еуропа, Ресей, Қытай және түрік компаниялармен жалпы құны 50 млн доллардан асатын келісімдер жасалған. Ортақ жобалар алдағы 5 жылдың төңірегінде өндіріс жолына қойылады деп күтілуде. Ведомство басшысы Жеңіс Қасымбектің айтуынша, еліміздегі инвестициялық ахуал аймақта көш бастап тұр.    

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

- Соңғы 25 жылда Орталық Азияға келген инвестицияның 70-80 пайызы Қазақстанның үлесінде. Біз бұл қарқыннан таймауымыз қажет. Инвесторлар қаржыларының заңмен қорғалып, экономикамыздың тұрақты, Қазақстанда тиімді бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалғанына  сенімді болуы керек. Біз өткен жылы экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының инвестиция комитетіне мүше болдық. Бұл Қазақстанның осы бағыттағы жұмысы халықаралық деңгейде бағаланғанының белгісі

Еліміздің экономикалық тұрғыда бәсегеге қабілеттілігін артыру қамында жүзеге асып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында бірқатар өндірістік нысан заманауи инновациялық қондырғылармен жабдықталатын болады. Бұл қанатқақты жобалар  Қазақстанның әлем көшіне ілесу жолындағы  сандық технологияларды ендірудің жаңа бір кезеңі болмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер