Теңізшевройл ҚР экономикасына 126 млрд доллар инвестиция құйған - Kazakh TV

Теңіз кеніші – әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Ондағы қара алтын қоры – 3,2 миллиард тонна. Кенішті игеру мақсатында құрылған Қазақстан-Америка бірлескен кәсіпорны «Теңізшевройл» 1993 жылы 940 мың тонна шикі мұнай өндірсе, былтыр бұл көрсеткіш 28,7 млн тоннаға жеткен. Алда шикізат өндіру көлемін арттыру жобасына 3 трлн теңге жұмсалмақ. Нәтижесінде кеніштен алынатын мұнайдың жылдық мөлшері 12 млн тоннаға артады. 25 жыл ішінде компания кеніште ең озық технологиялық желілерді іске қосып, ел экономикасына 126 млрд доллар инвестиция құйған.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:

- Бұл салық пен акциялар, қазақстандық компаниялардан сатып алынған тауарлар мен қызметтердің жалпы сомасы. ТШО ел экономикасының түрлі секторларына тың серпін берді, ол машина жасау, көлік құрастыру, құрылыс салалары. Сонымен қатар, компания аймақтың әлеуметтік жобаларына ерекше назар аударды. Оларды қаржыландыруға 1,4 миллиард теңге инвестиция құйды. Бұл қаржыға медициналық мекемелер, мектептер салынып, су құбырлары, электр желілері тартылды.

РАВИЛЬ ШАРДАБАЕВ, «ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Өткен 25 жыл ішінде 375 миллион тонна мұнай өндірілді. Ал өткен жылы 28,7 млн тоннаға жетті. Бұл елде өндірілген қара алтын көлемінің үштен бір бөлігі. Ал Қазақстанға тікелей төлем 125 млн долларды құрады. 24 млрд АҚШ долларына қазақстандық тауарлар сатып алынған.

Осыдан екі жыл бұрын ТШО кеңейту және ұңғымалық қысымды басқару жобаларын қаржыландыру туралы шешім қабылдады. Бұл ең алдымен, Теңіз кенішінің өндірістік қуатын арттыра түспек.

ТЭД ЭТЧИСОН, «ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Өткен жылдардағы көрсеткіштерді назарға ала отырып, болашақ кеңейту және ұңғымалық қысымды басқару жобасының сәтті іске асатынына сенім мол. Бұл ТШО-ны жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанда жаңа технологияларды ендіруге, білікті мамандар дайындауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Теңізшевройл» компаниясы газды кері айдау үдерісінің арқасында оны өртеуді тоқтатты. Бүгінде мұндай әдіс тек Мексика шығанағының мұнай кен орындарында ғана пайдаланылады. Оның арқасында Теңіз кенішінде мыңдаған метр тереңдіктен қара алтын алуға болады.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:

- Бүгінде үшінші буынның өндірісі іске қосылды. Ал Теңізшевройл тәулігіне 1 миллиард баррельден астам өнім өндіретін коорпорациялармен теңесе алады. Мұндағы Қазақстанның да үлесі маңызды.

Қазіргі таңда «Теңізшевройл» – Қазақстандағы ең ірі және ең қауіпсіз компания. Кәсіпорын өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғауға жіті мән беру, өндірістік операциялардың сенімділігі сияқты маңызды талаптарды сақтай отырып, ел экономикасының дамуына өз үлесіе қосып келеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер