Өзбекстанда қазақстандық тауарлардың бірқатарына кедендік баж салығы азайтылды

Еуразиялық сауда жүйесі тауар биржасы мен Өзбекстан республикалық тауар шикізат биржасы экспорттық-импорттық сауда мәселелерін қамтитын серіктестік туралы келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстанның биржа тұтынушылары мен брокерлер еш кедергісіз экспорттық-импорттық келісімдер жасай алады. Мұнымен қоса, аталған құжат аясында Еуразиялық сауда жүйесі биржасы Өзбекстанның Қазақстандағы жалғыз серіктесі саналады. Аталған келісімге қол қою нәтижесінде қос тарап брокерлер мен тұтынушылардың өзге нарықтарға шығуына жағдай жасайды, тауарлық биржаның экспорттық әлеуетін жетілдіріп, өнім түрлерін арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың сөзінше, жаңа жеңілдіктер мен сауда режимі Қазақстаннан Өзбекстанға цемент, көмір, астық, ұн, құрылыс материалдарының экспортын айтарлықтай арттырады. Ал өзбек жағынан аталған тауарлардың импортына жеңілдіктер қарастырылған.

АЙЖАН МҰҚЫШБАЕВА, ӘЭСИ САРАПШЫСЫ:

- Импортталатын тауарлардың бірқатарына кедендік баж салығы азайтылды. Соның ішінде Қазақстанда жасалған транспорттық құралдарға 2 пайызға дейін азайтылды. Яғни біздің экспорттауға мүмкіндігіміз бар, тауарлардың көпшілігіне баж салығы алынып тасталды. Яғни бұл Өзбекстанның нарығы бізге ашылды деген сөз. Екі тауар биржасы ынтымақтастыққа қол жеткізгеннен кейін, екі елдің экспорттаушылары соның ішінде, брокерлер ортақ сауда алаңында кездесіп, келісім шарттар жасауға мүмкіндік ашылады.