Көкшетау мемлекеттік университетінде биыл техникалық мамандықтарға талапкерлер көбеймек - Kazakh TV

Елбасының бес әлеуметтік бастамасының үшінші тармағы білім гранттарын бөліп, жастарға мол мүмкіндік беру. Яғни, биыл жыл сайынғы 54000 грантқа қосымша тағы да 20000 берілмек. Осы ретте Көкшетау мемлекеттік университетінің ұжымы осы жылы техникалық мамандықтарға талапкерлер көбейеді деп болжап отыр. 11-сынып оқушысы Әділет Секенов мұнай-газ мамандығын меңгермек. Елдегі гранттар санының көбеюі, талапкердің көңіліне сенім ұялатып отыр.

ӘДІЛЕТ СЕКЕНОВ, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

- Әкем мен шешеме жеңіл болсын деп, сол грантты қатты ұтқым келеді. Мен каратэ деген спортпен айналысқам. Мен осы спортпен 5 жылдай айналыстым. Бірақ осы ЕНТ тапсырғаннан кейін мен сол спортымды қайта жалғастырам.

Көкшетау мемлекеттік университетінде 5700 студенттің 700-дейі техникалық мамандықтар бойынша білім алып жүр. Ал мұнда жыл сайын аталмыш салаға орта есеппен 250 бала грантпен келеді екен. Биылғы көрсеткіш 400-ден асады деп күтіліп отыр. Оған қоса, грант иегерін оқытуға кететін қаражат көлемі де көбейген. Бұған дейін мемлекеттен бір баланың білім алуына 340 мың теңге бөлініп келген болатын.

ӘБДІМҮТӘЛІП ӘБЖАППАРОВ, УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫ:

- Аграрлық және техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттың құны жаңа оқу жылынан бастап 635 мың теңге көлемінде бекітілді. Бұл, бұрынғы грантқа қарағанда 2 есеге жуық жоғары. Бұл, әрине, біздің оқу-лабороториялық базамызды жақсартып, білімнің сапасын көтеруге, ұстаздарымыздың әлеуметтік жағдайын көтеріп, олардың жалақысын көтеруге мүмкіндік береді деген ойдамыз.

Елімізде техникалық мамандықтарда жас мамандарды көптеп даярлау Елбасының басты тапсырмасы болатын. Сәйкесінше, бүгінгі таңда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, нанотехнология, робототехнология саласының мамандықтарына бакалавриат дәрежесі бойынша 11 мың грант бөлінбек. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушыларға берілетін қаражат көлемі 640 мың теңгеге жетті. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер