Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы Мәскеуде таныстырылды. Басылымда автор егемен еліміздің тарихын тарқатып, келешегіне қатысты көзқарасымен бөліскен. Сондай-ақ, еңбекте мемлекеттің құрылуы мен егемендік жылдары ұлт көшбасшысының  ішкі-сыртқы қатерлерге төтеп беру жолындағы іс-әрекеті баяндалады. Кітап таныстырылымы өткен соң, «Мәскеу-Астана» телекөпірі ұйымдастырылды. Екі елдің сарапшылары еңбектің жас ұрпаққа берер пайдасы мол екенін атап өтті.

РУСЛАН АУШЕВ, ИНГУШЕТИЯНЫҢ ЭКС-ПРЕЗИДЕНТІ:

- Бұл - мазмұнымен бағалы кітап. Бұл туынды өз елінің болашағына алаңдайтын, отансүйгіш әр азаматтың үйінде болуы керек деп ойлаймын. Келешекте Қазақстан Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур сынды экономика барыстарымен бір қатарда тұрады деп сенемін.

Сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл еңбегі бүгінгі Қазақстан тарихының дерекнамасы екенін атап өтті. Тәуелсіздіктің 26 жылын қамтыған кітап республика өмірінің энциклопедиясы іспетті, деді олар.

ИГОРЬ РОГОВ, ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ҚОРЫ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қазақстан феномені туралы көбі айтып жүр. Бұл кітап Қазақстанның жүріп өткен жолын, берік әрі тұрақты даму жүйесін көрсетеді. Зерттеушілер үшін бұл өте маңызды. Себебі оқиғалардың түп-тамырында өзі тұрған адам, «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталатын мемлекеттік жобаның авторы көзбен көргенін баяндайды.

ИРИНА ИЛЬИНА, АЙМАҚТЫҚ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бұл кітаптан мемлекеттік және муниципалды басқарумен айналысатын студенттерге қажетті бірнеше тақырыпты түртіп алдым. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл еңбегі өте маңызды.

Басылымның тұсаукесерімен бірге «Астана - Ұлы дала маржаны» фотокөрмесі де  өтті.  Қазақстан елордасының 20 жылдығына арналған экспозиция Бейжіңде және Еуроодақ астаналары Мадрид, Париж, Лондон және Берлинде жалғасын табады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер