Түркияда «Астана – әлемдік дипломатия орталығы» конференциясы өтті - Kazakh TV

Қазақстанның әлемдік қауымдастықта рөлі зор. Ыстамбұлда «Астана – әлемдік дипломатия орталығы» конференциясына қатысқан сарапшылар осындай пікір айтты. Олар еліміздің егемендік алған сәттен бергі саяси, экономикалық реформаларына, Елбасының бастамаларына шолу жасады.

ЕЖВЕТ ТЕЗЖАН, ДИПЛОМАТ:

- Қазақстан тарихында алғаш рет БҰҰ-ы Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық сынды іргелі ұйымның төрағалық тізгінін де ұстап, үлкен саммитін абыроймен өткізді. Бұл іс-шаралар Қазақ елінің әлемдік қауымдастықтағы жоғары мәртебесінен хабар береді. Мемлекет тарихындағы осы елеулі жетістіктерді президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатымен сабақтастырамын. Ол араздасқан елдерді татуластыруға асығатын, диалогқа ашық, болмысынан реформатор басшы.

Алқалы жиында сарапшылар Ақорданың Сириядағы дағдарысты реттеудегі қосқан үлесіне де кеңінен тоқталды. Ыстанбұл университетінің профессоры Ферман Демиркол: «Шам еліндегі жанжалды доғару үшін Астана сындарлы келіссөз алаңына айналып үлгерді» - дейді. Сонымен қатар, ол қазіргі таңда Женевадағы жиын сияқты Астана процесі де нәтижелі екенін алға тартты.

ФЕРМАН ДЕМИРКОЛ, ЫСТАМБҰЛ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

- Жан-жалдасқан тараптарды жарастырып, бейбіт келісім жүргізу міндетін осы күнге дейін Швейцария атқарып келді. Сириядағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеуде Астана процесі де өзіндік өрнек салып, Қазақстан да әлемдік дипломатияның ордасы бола алатынын жаһанға жайып салды. Менің ойымша, Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы бітімгершілік миссияларды табысты жүргізуге толық мүмкіндігі береді.

Сарапшылар Қазақстанды ұлтаралық татулық пен достықтың тал бесігі десе, Астананы бейбітшілік пен келелі келіссөздердің орталығы деп атады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер